Афина Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев Сыр спортын басқарады. Бүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен актив отырысында облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының жаңа басшысы таныстырылды.

Бақтияр Ғарифоллаұлы 1983 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Халықаралық спорт шебері,Қазақстан Республикасының 7 дүркін чемпионы. Елімізде спорт саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін І дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталған. Айта кету керек, Бақтияр Артаев - Вэл Баркер кубогын алған тұңғыш қазақ.

     Бақтияр Ғарифоллаұлы алғашқы еңбек жолын «Тараз газ шаруашылығы басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің менеджері болып бастаған. 2009-2013 жылдары Жамбыл облысы Айшабибі ауылдық округінің әкімі, Жамбыл облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы, Жамбыл облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды. 2021-22 жылдары «Қазақстан бокс федерациясы» қауымдастығының ұлттық командалар үйлестірушісі, вице-президенті, Спорт және дене шынықтыру істері комитеті спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы болып қызмет атқарды.

     Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа лауазым иесіне өңірдегі бұқаралық спортпен айналысушылар үлесін арттыруды, командаларды даярлауды және олардың республикалық, халықаралық спорттық жарыстарда өнер көрсетуiн қамтамасыз етуді тапсырды.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ

«Даму бала» бағдарламасы аясында жан басына шаққандағы қаражат мәселесін жүйелеуді, жаттықтырушылар мен әдіскерлердің біліктілігін арттыру жұмыстарын жүргізуді, 2028 жылы Лос Анжделес қаласында өтетін Олимпиада ойындарында дайындықты қазірден бастап, Сыр өңіріне лицензиялар алуды тапсырамын.