#qyzylordatv

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы болды. Жиында әдеп нормаларын сақтау, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі есептер тыңдалды.

Кеңесте алдымен Сот Әкімшілігі департаментінің Әдеп жөніндегі уәкілі атқарған жұмыстарын баяндады. Ал, облыстық білім басқармасы бастығының міндетін атқарушы саладағы әдеп бұзушылықтардың алдын алу, мүдделер қақтығысын болдырмау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету бойынша қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар отырыс барысында Қазалы ауданы Арықбалық ауылдық округінің әкіміне қатысты тәртіптік іс қаралды. Ауыл әкім ауыл тұрғындарының жеке қарым-қатынасын өзге тұрғындардың көзінше талқылауға жол берген. Бұл қызметтік әдеп нормаларын бұзу ретінде бағаланды. Нәтижесінде Кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшіге қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды. Сондай-ақ, Шиелі ауданының әкімі мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың бұзылуының алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және Әдеп кодексі талаптарын сақтау бағытындағы атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өз кезегінде Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы аудан әкіміне мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру бағытындағы жұмыстарды жылдамдатуды тапсырды.