«Төрлет, еңбек адамы!» тақырыбында өткен республикалық ақындар айтысында бас бәйгені еншілеп, «Алтын домбыра» иегері атанған Мейірбек Сұлтанханды қызылордалықтар әуежайдан зор қошеметпен қарсы алды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен және «AMANAT» партиясының қолдауымен өткен дәстүрлі дода биыл еңбек адамын ұлықтауға арналды. Екі күн болған жыр додасына республикалық және халықаралық айтыстарда үздік өнер көрсетіп, жүлделі орын еншілеп жүрген 14 ақын қатысты. Ақтық сынға тек 8 өнерпаз жолдама алған. Айтыс қорытындысы бойынша қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан «Алтын домбыра» иегері атанды.

Осылайша, айтулы аламанда аймақ мерейін тасытқан ақынға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай Сыр жұртшылығы атынан алғысын білдірсе, айтыскер ақын Серік Ыдырысов ақ батасын берді.

 МЕЙІРБЕК СҰЛТАНХАН –«Алтын домбыра» иегері //Әрине, осы айтыс басталғаннан бастап алғаш рет қолымызға домбыра ұстап, сахнаға тәй-тәй басқан кезімізден бастап тілекші елдің батасы, пейілі деп білеміз. Біздің туған елге перзенттік тартуымыз деп жатырмыз. Әрине, бұл маған ғана берілген марапат не болмаса менің ғана жеңісім емес, бүкіл Сырдағы сүлейлердің жетістігі деп білемін.

 АМАНЖОЛ ӘЛТАЕВ –ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ //Бұл жеңіс өңірдің, оның ішінде айтыс өнерінің үлкен жетістігі мен әлеуетін көрсетеді. Сондықтан да Мұхтар мен Мейірбектің жолын жалғайтын талантты жастар шыға берсін дегіміз келеді. Әрине, кіл мықтылар сынға түскен дүбірлі додада «Алтын домбыраны» иелену оңай болған жоқ. Соның ішінде жүзден жүйрік атанып шыққан Мейірбек бауырымызды тағы да жеңісімен құттықтаймыз.