Арал қаласында әлеуметтік осал топтағы 150 отбасы баспаналы болды. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі тұрғын үй иелеріне пәтер кілтін табыстап, көпшіліктің қуанышына ортақтасты.

Баспаналы болғандардың бірі - Рауан Тұрмағамбетова. Көпбалалы ана осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрыпты. Енді міне, жаңа жылда жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлады. Облыс әкімінің қолынан пәтер кілтін алған тұрғын ыстық бауырсақ пісіріп, құтты болсын айтып келген ағайынға дастархан дайындап та үлгеріпті.

Рауан Тұрмағамбетова, КӨПБАЛАЛЫ АНА \Төрт жылдан бері үй кезегінде тұрғанмын. Керемет кең, жайлы, жылы баспанға қолымыз жетіп, 2025 жыл құтты, берекелі жыл болып жатыр. Шүкір, балалардың қуанышы, төбеміз көкке жетіп қуанып жатырмыз. Барлық жағдайы жасалған.

150 пәтерлік 75 тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін сатып алынған. Ауданның ажарын айшықтап, тұрғындардың қуанышын арттырған бұл үйлер инженерлік инфрақұрылым желілерімен толықтай қамтылған. Айта кету керек, облыс бойынша өткен жылы 2,5 мың пәтер пайдалануға берілді.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Ең бір жетістіктеріміздің бірі 2023 жылдан бері аудандарда осындай керемет үйлерді мұқтаж азаматтарға табыстай бастадық. 2023 жылы 500 ге жуық үй салынып, ел игілігіне табысталы. 2024 жылы 1019 жаңа пәтер аудандарда салынып, берілді. Біздің мемлекетіміздің басты стратегиясының бірі тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету.

Ауданда тұрғын үй құрылысынан бөлек елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту, жол, көпір, жарықтандыру, электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Солардың ішінде ең маңыздысы – Арал қаласындағы темір жол үстінен өтетін аспалы көпір құрылысы. Қазіргі таңда өткелдің негізгі жұмыстары аяқталған, енді асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолағын салу, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Облыс әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкіліне көпір құрылысын сәуір айына дейін аяқтауды тапсырды.

Облыс әкімі аудандық полиция бөлімінің ғимаратында орналасқан Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты. Қазіргі күні аудан көлемінде әкімшілік құқық бұзушылықты болдырмау, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және қылмыстың алдын алу мақсатында 77 бейнекамера орнатылған. Сондай ақ жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды автоматты түрде анықтайтын 7 стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы орнатылған.

НҰРСҰЛТАН ӘЛТАЙ, АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ \олардың бәрі қазіргі таңда қылмыстарды ашу, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау мақсатында жұмыс жасап жатыр. Түнгі уақытта да жұмыс істей береді. 30 тәулік сақталады. Сапасы өте жоғары. Көру мүмкіншіліктері адамның бет бейнесі 150 метрден 500 метрге дейін тартып көрінеді.

 Нұрлыбек Нәлібаев мұнан соң Байтұрсынов ауылдық емханасы жанындағы бос тұрған ғимаратқа жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын көрді. Бұл жерден «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылмақ. Мұнда «Посейдон» құрғақ флоация ваннасы, интерактивті бөлме, шунгитті бөлме және әртүрлі емдік сауықтыру бөлмелері мен тренажёрлар болады. Оңалту орталығында Арал және Қазалы аудандарында диспансерлік есепте тұратын 2-17 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер реабилитациялық ем алады.