Сырдария ауданында жыл үздіктері анықталды. Өңірдің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға аудан әкімі салтанатты жиында құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.
Мерекелік жиында аудан әкімі Берік Сәрменбаев жыл бойы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Ауданда ілкімді істер баршылық. Биыл өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, құрылыс саласында бірқатар ауқымды істер жүзеге асты. Атап айтар болсақ, Тереңөзек кенті және Бесарық, Қоғалыкөл, Ақжарма, Қалжан ахун, С.Сейфуллин елді мекендерінде 25 көше күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин мен Асқар Тоқмағамбетов ауылының тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізді. Осылайша, ауданды табиғи газбен қамту көрсеткіші 65,4 пайызға жетті.
«Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция қалыптасты. Өткен жылы Сырдария ауданының бюджеті 10,6 млрд. теңгені құраса, биыл аудан бюджеті 17 млрд. теңгеге жуықтады. 2024 жылдың 11 айында ауданымыз барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша алдыңғы қатарда. Ауданның өнеркәсіп орындары 90,4 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Көрсеткіш 66,9 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 12,5 млрд. теңгені құрап, 9,6 пайызға өсті. Аудан экономикасына 75,8 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылды.
Салтанатты шарада ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан бірқатар азамат марапат төрінен көрінді. Солардың бірі - аудандық мәслихаттың үш щақырылымында депутат болған Әлия Төлеуова. Өзекті мәселелерді шешуде көптеген бастама көтеріп, оның орындалуына ықпал еткен халық қалаулысы «Мәслихаттың 30 жылдық» медалімен марапатталды.
«Үш дүркін депутат болдым осы ауданда. Халықпен қызмет жасадым тығыз. Сол еңбектің нәтижесі шығар. Осының алдында да сенат төрайымының құрмет грамотасын алғанмын. Бүгін де осындай марапатқа ие болып, қуаныштымыз. Бұның барлығы халықтың арқасында деп ойлаймын. Сол халықтың арқасында біз қызмет жасадық».
Сондай-ақ мерекелік жиында «Үздік мұғалім», «Үздік дәрігер», «Үздік құрылысшы», «Үздік учаскелік инспектор» да марапат мінберінен көрінді. Ал 86 жастағы алтын құрсақты ана Ибагүл Үмбетаева мен ауданның білім беру саласына сүбелі үлес қосқаны үшін Қызылбай Оңғарбаевқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағы табысталды.
ҚЫЗЫЛБАЙ ОҢҒАРБАЕВ - СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ «41 жыл еңбек еттім. Математика пәнінің мұғалімімін. Жыл қортындысымен марапатталып жатырмын. Келе жатқаны жылымыз қайырлы, құтты жыл болсын. берекелі жыл болсын».
ИБАГҮЛ ҮМБЕТАЕВА - СЫРДАРИЯ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ «13 балам бар. құдайға шүкір, өзім 86-дамын. Әзірге шаруаға жарап тұрмын. Мен поштада 30 жыл қызмет істедім. Балаларымның барлығы жұмыс істейді. Осы қызметіміз Алладан қайтсчын. Тек жақсылық болсын».
Сондай-ақ бірқатар азаматқа облыс және аудан әкімдерінің алғыс хаты табысталды. Салтанатты шара соңында көпшілік жергілікті өнерпаздардың мерекелік концертін тамашалады.