Шиелі ауданында түрлі салада жыл бойы еселі еңбек етіп жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.

Шиеліліктер жылды табысты қорытындылады. Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өсім бар. Жыл басынан бері өнеркәсіп орындары 61 млрд теңгенің өнімін өндірсе, өңірге 64 млрд теңге инвестиция тартылған. Биыл Ортақшыл елді мекені көгілдір отынға қосылса, Тартоғай және Алмалы ауылдарында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне табысталды. Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бидайкөл, Жиделіарық, Тәжібаев, Ақмая, Бестам ауылдарының электр желілерін қайта жаңғырту жобасына республикалық бюджеттен 692 млн теңге қаржы бөлінген. Іс-шарада атқарылған жұмыстарды баяндаған аудан әкімі ескі жылға салауат айтып, жаңа жылдан мол үміт күтетінін жеткізді.

 Мұнан кейін, әрбір салаға серпіліс әкелген істің басы-қасында жүрген бірқатар азамат Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» атағымен марапатталды.

Жыл қорытындысымен екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың ізбасарлары жоғары өнімге қол жеткізіп, егін шаруашылығы бойынша облыста «Озат аудан» атанған болатын. Мерекелік жиында жаз бойы кетпен арқалап, тер төккен диқандар Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің алғыс хатымен марапатталды. Мұнан бөлек, салтанатты шарада сала мамандарына жыл үздігі номинациясы табысталды.

 Салтанатты шара соңы жергілікті өнерпаздардың мерекелік думанымен түйінделді.