Сыр руханияты үшін орны толмас қаза. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші, сазгер Мұрат Сыдықұлы 85 жасқа қараған шағында келмес сапарға аттанды.

Мұрат Сыдықұлы 1940 жылы Арал ауданы, Бөген ауылдық кеңесіне қарасты «Қарашалаң» елді мекенінде дүниеге келген. Балықшының баласы бес жасынан бастап домбыра шертіп, күй өнеріне бет бұрды. Шыны керек, ел арасында «Сырға келіп, жыршымен деме» дейтұғын тәмсіл қалыптасқан. Ал, бұл өлкеде күйшілік өнердің де шоқтығы биік екенін осы Мұрат ақсақал көрсете білді. Оның «Арал толқыны», «Әке арманы», «Өмір толғауы», «Қос тұйғын» және «Мұраттың төкпесі» секілді күйлерін кәсіби мамандар айрықша бағалап, тума талант екені мойындалған.

Күйші-композитордың өнермен өрілген өмірі көпке үлгі. Ол 1980 жылы «Сыдықовтар жанұялық ансамблін» құрып аудан, облыс жұртшылығына рухани серпін сыйлады. Талант иесі өнерімен саф алтындай жарқырап көрінуіне өмірлік жары Базар Қостаеваның қолдауы ерек. Жарасымды жұп тіршілік теңізін қатар кешіп өнер биігіне құлаш сермеді. Мұрат Сыдықұлы виртуоз орындаушы ретінде республикалық, бүкілодақтық, халықаралық өнер байқауларының лауреаты атанған.

 Талант иесінің толқынды күйлерімен қоса, әуезді әндері де талай өнерпаздың жұлдызын жақты. Мәселен, «Балықшы қыз», «Сыр гүлі», «Сырдария», «Шалқи бер, дала» секілді әндері нағыз қазақы болмыстан сыр шертетін мизам мелизмге құрылған. Бақсақ, Мұрат Сыдықұлы өлшеулі өмірде өнер өндіріп, шәкірттеріне өнеге дарытқан қарапайым қайраткер. Ол үлкен арман арқалап, үлкен қалаға бет бұрған жоқ. Теңізбен тамырлас талант туған жерден табан аудармай-ақ бекзат өнердің биігіне шықты. Бұл – марқасқа Мұрат феномені!