Президенттің төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы жыл басындағы маңызды оқиға болғаны рас. Бұл басқосуда тек өткен жыл қорытындыланып қана қоймай, әлеуметтік-экономикалық даму бойынша жүйелі тапсырмалар берілді. Үкімет пен әкімдердің жұмысы экономиканың өсуімен әжне азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруымен бағаланады ,- деп тағы маңыз берді Президент.
Президент негізгі-негізгі деген 8 тапсырманы атады. Әуелгісі – экономиканы әртараптандыру. Шикізатқа шегеленбей, өңдеу ісіне маңыз беріп, неғұрлым молынан инвестиция тартуды талап етті. Екіншіден – инфрақұрылымның жаңа деңгейіне көшу, яғни, тариф нарықтық ахуалға сәйкес болуы шарт, әйтпесе жарық, жылу, сумен үздіксіз қамту мүмкін болмайды деді. Үшіншіден, цифрлық технологияны мейлінше толыққанды енгізуді тапсырды, әсіресе мемлекеттік органдар және ұлттық компанияларда. Төртінші, энергетиканы дамыту, ядролық кластерді құру. Алғашқы АЭС салуды барынша жеделдету керек. Бесінші, асыраушы саланың мүмкіндік аясын кеңейту. Тиімсіз субсидиядан жеңілдетілген несиеге бет бұруды тапсырды. Алтыншы, салық-бюджет саясатының реформасы. Президент Үкімет ұсынып отырған салық реформасы Ұлттық қорға қол салмай-ақ бюджетті толықтыруға мүмкіндік береді деп атап көрсетті. Жетінші тапсырма – маңызды жобаларды қаржылық қаматамасыз ету. Және сегізінші талап – әлеуметтік қолдауды жүйелеу, денсаулық сақтау, білім, ғылымды одан әрі дамыту. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі реформалануы керек және халық үшін барынша ашық болуы қажет. Үкімет пен әкімдердің жұмысы ашық, түсінікті, тиімді болуы міндеттеледі. Аталған мақсат-міндеттердің нақты нәтижесі сұралады, орынсыз шығынды тоқтатып, көрпеге қарай көсілуіміз керек, - деді Қ.Тоқаев тоқетер сөзінде.
Жиында облыс әкімі Н.Нәлібаев аймақта жаңа кен орындарын ашу үшін геологиялық зерттеулер жүргізіліп, мұнайдың төменгі қабаттары игерілуде екенін айтты. Шетел инвесторларымен нәтижелі жұмыстың арқасында 9 ай қорытындысымен 171 млн АҚШ доллары көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Өсім – 16,6 пайызды құрады деді.