Өзен үстінде өнер көрсеткен өрен. Он сегіз жасар қарапайым ауыл баласы Сырдарияда сырғанап, түрлі трюктермен көпшілікті тәнті етті. Сіресе қатқан мұздың үстінде түсірілген бейнеролик ғаламторға тез таралып, оқырмандардың қошеметіне бөленді. Тілшіміз Дәулет Сағит әуесқой конькишімен тілдесіп, спорттық өнердің қыр-сырына қанығып қайтты.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ

Мұз бетінде мәнерлеп сырғанау – маңғаз өнер, салмақты спорт түрі. Ал, ұстараның жүзіндей конькимен келісті билеу, тіпті шыр көбелек айналып секіру бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Мың електен өткен мұз сарайдың өзінде де солай. Мәселен, мен жай ғана аяқ киіммен мұз бетінде әрең дегенде тұрмын. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз кедір-бұдыры бар дария бетінде сырғанап, көркем өнердің көрігін қыздырып жүр.

 Бос уақытында мұз бетінде мәнерлеп сырғанауды жаны сүйетін Әзиз Нұркенді көпшілік «ТикТок» желісі арқылы таниды. Соңғы рет ол Сырдария өзенінде конькимен күрделі қимылдарды орындағанын жүктеген. Сырғанау мәнері кәсіби спортшылардың шеберлігінен кем түспейді. Мұны көрген көпшілік табиғаттың көз тоймайтын әсем көрінісімен үйлескен спорттық өнерге тамсанып, жарыса пікір қалдырған. Ауыл баласы болашақта үлкен теңіз айдындарына барып, сырғанау арманым, дейді.

 ӘЗИЗ НҰРКЕН – СТУДЕНТ

Шетелдерде таудың арасында, теңізде коньки тебетіндерін көріп жүремін. Қызылордада ондай жер болмағанымен, Сырдария өзені есіме түсіп осында келдім. Сүйтіп осында балалармен келіп, видео түсірдік. Ол тез таралып кетті. Ұнап жатыр бәріне. Жалпы, қызығушылығым 15 жасымнан басталды. Алғашында мұз айдынына келіп, біртіндеп үйреніп, қызығушылығым ояна бастады. Жинаған ақшама жеке коньки сатып алдым. Алдағы уақытта әлем елдеріндегі көлдерге барып, сырғанау арманым. Сосын мәнерлеп сырғанау спортына қатысып көру.

Әзиз Нұркен – Қызылорда медициналық жоғары колледжінің үшінші курсында оқиды. Мамандығы – фельдшер. Қазір қаладағы мұз айдынына барып, арнайы мамандармен бірге шеберлігін шыңдап жүр.

Бүгінде №4 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде 150-ден астам шәкірт қысқы спорттың мәнерлеп сырғанау, шорт трек және шайбалы хоккей түрімен шұғылданады. Мұнда жаңадан келген жеткіншектер мен республикалық жарыстарда топ жарып жүрген балалар да бар.

Айта кетейік, жуырда ғана қызылордалық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева Көкшетаудағы Бурабай көлінде әнші Димаш Құдайбергеннің «Знай» атты әніне сырғанап, көпшілікті тәнті еткен болатын. Ал, кейіпкеріміз Әзиз Нұркен мұндай бейнероликтерді көптеп түсіру жоспарда бар, дейді.