Биыл Жаңақорған кентінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 600 орындық білім ошағы пайдалануға беріледі. Ал, Екпінді ауылында клуб құрылысы аяқталса, Келінтөбе елді мекенінде спорт кешені ашылады. Аудан әкімі Мәжит Самитов журналистерге арналған баспасөз мәслихатында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарымен бөлісті.
Жаңақорған ауданында елді мекендерді газдандыру, жол қатынасын жақсарту, тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту, халықты сапалы ауыз сумен қамту бағытында былтыр бірқатар жоба жүзеге асты. Атап айтсақ, Шалқия, Құттықожа, Кейден, Төменарық ауылдары мен Жаңақорған кентіндегі қалып қойған аумақтар газдандырылды. Осылайша ауданда көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 54 пайызға жетті. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады.
Аудандағы 35 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз су желісіне қосылған. Бірақ солтүстік беттегі ауылдар мен кенттегі жаңадан қосылған үйлерге тіршілік нәрі уақытылы берілмейді. Бұл мәселені шешу мақсатында арнайы жоба әзірленген.
МӘЖИТ САМИТОВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Осы мәселені толығымен шешу мақсатында Тақыркөлдің екінші линиясын жүргізу жұмыстарын жасап жатырмыз. Құны 775 млн. теңге.
Тағы бір жоба, кенттегі қырық жылдан бері тоқтап тұрған көпір құрылысы қайтадан қолға алынды. Теміржол үстінен өтетін өткел сәуір айында ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр.
МӘЖИТ САМИТОВ, ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
40 мың тұрғыны бар кентке сонымен қатар ішкі жақтағы ауылдарға да Батыс Еуропа Батыс Қытай тас жолына шығуға септігін тигізеді.
Жаңақорғанда электр желілерін ауыстыру, жол инфрақұрылымын дамытуға да басымдық берілуде. Мәселен, биыл аудан бойынша 61 шақырымды құрайтын 35 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі, жеті елді мекенде ескірген электр желісі жаңартылады.