9 ақпан – қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың туған күні. «Бозарып атқан ақ таңда, Бозарып тұрып ақпанда. Есіңе мені алғайсың» деп жырлаған ақынның құрметіне Қызылорда жастары әдеби-сазды кешке жиналды.
Мұқағалидің өлеңдері әрбір жанның ішкі әлеміне терең бойлай білген туындылар. Оның поэзиясымен сусындап өскен жастар әдеби-сазды кеште алма-кезек өлең оқыды. Шығармашылығына арналған әндерді орындады.
ДУЛАТ КЕҢЕСБАЙ – ОҚУШЫ
13 Бала кезімнен Мұқағали атамыздың өлеңдерін сүйіп оқимын. Соның ішінде «Шәмілге жазған хаттары» туралы өлеңдері. Мен бастауыш кезімде осы өлеңді жаттап, республикалық байқауларға да барған болатынмын. Сонымен бірге, «Өмір», «Шеше сен, бақыттысың жыламағын» деген секілді өлеңдері ұнайды, ерекше жүрегіме жақын.
ӘЛІШЕР АНАРБАЙ – СТУДЕНТ
Ақиық ақын, Мұқағали Мақатаевтың кеші болып жатыр. Маған ақынның шығармалары, поэзиялары шабыт береді. Кейде өлеңдерін оқып отырып, өзімнің шабытым ашылып өлең шығарамын.
Иә, Мұқағали – қазақ поэзиясын шетсіз-шексіз биікке шығарған ақын. Ол – оқырманның көңіл пердесін дөп басқан ақын. Ол – өмірді жырлауға келген ақын. Сондықтан болар ақынмен қазіргі ұрпақ әлі күнге сырласады.
ҚАРШЫҒА ЕСІМСЕЙІТОВА – ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Бар жоғы 45 жыл ғана өмір сүрген ақын артына өшпестей із қалдырды. Оның жырлары ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Өлеңдерінің келер ұрпақты жігерлендіретін құдіретті күші бар.
АЙЖАН БОЛАТҚЫЗЫ – КІТАПХАНАШЫ
Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай жыр кешін Қалалық № 19 кітапханасы ұйымдастырып отыр. Бүгінгі шараның негізі мақсаты «барлығыда поэзия сен үшін» деп өткен, әдебиет әлемінің Хан Тәңірі, ақиық ақын Мұқағали өлеңдерін жас оқырмандарға насихаттау.
Мазмұнды кеш соңында жастар Мұқағали сөзіне жазылған әндерді әуелете шырқады.