#qyzylordatv

Облыстық тарихи өлкетану музей қоры тағы бір жәдігермен толықты. Бір ғасырдан астам тарихы бар саптама етік атадан балаға мұра боп жеткен. Сыры кетсе де, сыны кетпеген етікті Серәлі палуанға Темірбек Жүргеновтің әкесі сыйлаған.

НАЗИРА АЛМАС – ТІЛШІ

Қолымдағы көне етік тым қарапайым көрінгенімен, ғасырлық тарихы бар құнды жәдігер. ХХ ғасырдың басында, шамамен жүз жыл бұрын тігілген бұл етік – Темірбек Жүргеновтің әкесі, Қара Жүргенұлына тиесілі.

Қызығы сол, былғарыдан тігілген, ұзын қонышты астарлы етікті Қара бай өз заманындағы түйе палуан әрі ұста Серәлі Дүйсенұлына арнайы алдыртқан екен. Енді міне көненің көзіндей болған бұл етік құнды жәдігер ретінде облыстық музей қорына тапсырылды. Саптама етіктің музейге жетуіне Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылының жас зерттеушісі Еркенұр Қуанышбектің еңбегі зор. “Жас өлкетанушы” ғылыми жобасына қатысу үшін ол біраз ізденіпті.

ЕРКЕНҰР ҚУАНЫШБЕК – ЖАС ЗЕРТТЕУШІ Өзіміздің ауылымызға байланысты тарихи жәдігер зерттегіміз келді. Түрлі дереккөздерден ақпарат жинап, соңында Қара байдың жеке түйе балуаны – Серәлі Дүйсенұлының етігін таптық. 01-40 Етікті өзінің қолдан жасаған асадалынан алдық. Серәлі атамыздың ұлының аты Нағашыбек болған. Сол Нағышыбектің әйелі Несібелі апамыз. Өкінішке қарай, Нағашыбек ағамыз қайтыс болған. Несібелі апамыздың айтуы бойынша: Серәлі атамыз иығында екі періштесіндей арыстанды көреді екен, солармен тілдескен, күші де содан дарыған дейді. Бірде пойыз жанында отырған кезде орыс балуандары күреске шақырыпты. Сонда атамыз жамбасқа алып ұрып, жеңіп кеткен. Әлгі орыс «енді жолым болмайды» деп Мәскеуге қайта кеткен екен.

 Серәлі Дүйсенұлы – 1897-1955 жылдары аралығында өмір сүрген, Сыр өңіріне танымал балуан. Қара Жүргеновтей ел азаматының сенімді серігі әрі сайысқа қосатын түйе палуаны болған. Жауырыны жер иіскемеген күш иесіне арнайы тігілген саптама етіктің қонышы – тізені жауып тұратындай ұзын әрі кең, сапалы былғарыдан тігілген. Ішінде матамен астарланған киіз байпағы бар. Табаны мен өкшесі шегеленіп бекітілген. Өлшемі де ерекше: табаны – 44, ал биіктігі – 46 сантиметр. Бұл етік – тұрмыстық бұйым ғана емес, иесінің болмысын айшықтайтын тарихи жәдігер.

ЕҢЛІК ӘБІЛҚАСЫМОВА – ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ

18 мамыр – Халықаралық музей күні аясында бізде тұрақты түрде “Жас өлкетанушы” ғылыми-білім жобасы ұйымдастырылып келеді. 2017 жылдан бері ауыл-аймақтағы құнды жәдігерлерді жинақтауға мән беріп келеміз. Былтыр 500-ге жуық, биыл 200-ден астам жәдігер жиналды. Соның ішінде ерекше қызығушылық тудырған – Серәлі Дүйсенұлының саптама етігі. Қазір ғылыми қызметкерлер оны зерттеу үстінде. Алдағы уақытта экспозиция қатарынан орын алмақ.

Ел аузында «Қараның балуаны» атанған Серәлі атаны аңыз тұлға дерсің. Бір ғана жәдігердің өзі оның алып тұлға болғанын айғақтап тұрғандай.

Осындай құнды мұраларымыз арқылы жас ұрпақ өткенін таниды, ел рухын сезінеді.