#qyzylordatv
Аймақтың ең үздік оқытушысы анықталды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының әдістемелік еңбектерін насихаттау және мемлекеттік тіл оқытушыларының кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған байқауға 10 үміткер қатысты. Сайыс қорытындысымен облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Гүлбану Сембиева жеңімпаз атанды.
Кәсібилік пен ой ұшқырлығы сыналған байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар заманауи технологияларды пайдалана отырып қазақ тілі сабағын мазмұнды өткізудің үлгісін көрсетті. Екінші кезеңде ми қозғайтын қиын тапсырмаларды орындаса, шешуші сайыста түрлі логикалық сұрақтарға жауап берді. Қазылар алқасы қатысушылардың тіл тазалығы мен сөйлеу мәнеріне мән беріп, жұмыстарын бағалады. Ал, Сырдың ең үздік оқытушысы атанған Гүлбану Сембиева тамыз айында байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайды.
ГҮЛБАНУ СЕМБИЕВА – БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ //Бұл байқауда ешқандай немқұрайлыққа, жауапсыздыққа жол жоқ. Әрі біз тілдерді оқыту орталығы мемлекеттік тілімізді насихаттайтын, мәртебесін көтеретін орталық болғандықтан бұның жауапкершілігі бізде басымырақ. Республикалық байқауда екі рет біздің облыс бас жүлдені алдық. Биыл да бұл сатыдан түспеуіміз керек.//
АЛДАЖАР ӘБІЛОВ – ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ //Бұл облыстық байқау ерекше маңызды шара. Себебі, Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақ тілінің мәселесі көтеріліп келеді. Әлі жоғары деңгейге жетті деп айта алмаймыз.Ал, біз осы байқауда қатысушылардың ішінен ең үздігін таңдап, айтылым, жазылым, тіл мәдениеті, көркемдік барлығын қарадық. Мұндай шараларды көбірек өткізу керек. Одан бөлек, аудандарда да өткізу керек. Сондай-ақ, шама келсе әрбір мекеме де қолға алу керек.//