#qyzylordatv
«Ана әлдиінен - сахна сәніне». «Анаға тағзым» орталығында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай бенефис-шоу болды. Ерекшелігі сол, жарқын жүздесуде мәдениет қызметкерлері өз аналарын таныстырып, ел алдында өнегелі ісін ұлықтады.
Әрбір жан үшін ата-ана – өмірдің шамшырағы, қанат бітірер тірегі. Олардың мейірімі мен ақыл-кеңесі ұрпағына бағыт-бағдар беріп, өмір жолын жарқын етеді. Әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен өнер дарыған жанның бірі - Әзиза Іздіқұлова.
ӘЗИЗА ІЗДІҚҰЛОВА - МӘДЕНИЕТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ
«Анамызға деген махаббат ішімде булығып қалған балалардың қатарынанмын мен. Анам ән салатын. Дауысы өте жұмсақ, иірімді тұғын. Әкем де ән салатын. Кәсіби тілде айтсақ дауысы - баритон. Әлі де ән салады, жасы 84-те. Сол кісілердің қанымен келген нәрсе ғой енді. Содан кейін мен музыкалық училищеге келген кезде әнші болам деп келген адаммын. Режиссер болам деп ойлаған жоқпын».
Өзіндік қолтаңбасы бар, көзқарасы қалыптасқан режиссер өмірден ерте өткен анасы Зейнегүл Жарасбаева туралы біраз сыр шертті. Одан соң анаға деген мәңгілік сағынышын әнмен жеткізді.
Өмірі ананың ақ сүтімен өрілген өнер иесі - күйші Әлімжан Әбсадықов. Ол жарқын жүздесуге анасымен бірге келді. Айтуынша, домбыра тартқан бала ұлтжанды болып өседі.
ІНЖУМАРЖАН ӘБДІУАҚАПҚЫЗЫ - Ә.ӘБСАДЫҚОВТЫҢ АНАСЫ «бір күні әкесі байқап қапты, үлкен бала «Әлімжан құлағын келтіріп берші» деп айтып жатыр екен дейді. Бұл келтіріп, «Ақ бұлақ» әніне салып, ыңылдап айта бастағанын естіп, мына баланың өнерге ынтасы бар-ау деймін деп қадағалай бастады әкесі. Сонымен мектепке барды, әкесі айналысып, бұған ерекше қарай бастады. Сосын домбыра істетеіп әкеп барды. Содан бастап күймен анйалыса бастады».
Ананың ыстық махаббатымен қоса асыл өнерін де, ғажап мінезін де бойына сіңіріп өскен жандар аз емес. Осы күні Нартай жыр мектебінің сарқылмас мұрасын жалғастырған –Ақмарал Ноғайбаева мен қуыршақ театрының жас жұлдызы – Баян Қалидің де бенефисі болды.
ӘДІЛБЕК ТӘҢІРБЕРГЕН - «АНАҒА ТАҒЗЫМ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ РЕДАКТОРЫ «бұл ананың әлдиінен саханаға дейінгі аралықтағы тәрбиесін біз, көпшілікке үлгі тұтпақ мақсатта өткізіп жатырмыз. Осындай танымал әпке, ағаларымызды үлгі қылсақ...»
Анасын ардақтаған перзенттен парасаты асқан адам жоқ. Мәдени майданда жүрген жұлдыздарымыз үлкен жетістікке жетсе, оның артында ана деген алып тұлғаның тұрғанын ұмытпаған жөн.