#qyzylordatv
Облыс орталығында мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай салтанатты кеш ұйымдастырылды. Атаулы күнге орай әдебиет пен мәдениет саласының байрағын биіктетіп жүрген жандарға мемлекеттік наградалар мен облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табысталды. Еселі еңбек еленіп, мәдениет мәртебеленген кеш турасына әріптесім Елжас Әбділда сабақтайды.
Басқа-басқа Сыр өңірі қашан да мәдени көшімен озық. Аймақ өнерпаздары республиканы былай қойғанда, Еуропаның үлкен сахналарында өнер көрсетіп, ел мерейін үстем етіп жүр. Жарқыраған жұмыстың артында көпшілікке көріне бермейтін қаншама маманның еселі еңбегі жатыр. Міне бұл мереке ең алдымен сол мәдени майдан жауынгерлерінің мәртебесін асыруды көздейді. Жиында аймақ басшысы саладағы оңды өзгерістерге тоқталып, қайсібір істің де қиюын келтіріп жүрген жандарға құрмет көрсетті.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ /Ұлтымыздың болмыс-бітімін сақтауға, халқымыздың руханиятын байытуға зор үлес қосып жүрген мәдениет пен өнер майталмандарының еңбегі қашан да елеулі. Сіздер жаңа бетбұрыстар кезеңінде ұлттың мәдениетінен руханиятына дейінгі, әлеуметінен әдебиетіне дейінгі жауапты міндеттерді атқарып келесіздер. 04:40 Өткен жылы өңірімізде жарияланған руханият жылы аясында барлық аудандарда 11 млрд, 500 млн теңгеге руханият орталықтары салынып, ел игілігіне табысталды.../
Иә, өңірде мәдениет саласында ілкімді өзгеріс көп. Енді жаңадан бой көтерген еңселі ғимараттардың есігіне құлып, еденіне шаң қонбауы тиіс. Бір сөзбен аймақ басшысы қыруар қаржыға салынған нысандардың жұмысы еңбекте қайралған кетпеннің жүзіндей жарқырап тұруы керек, деді. Өңірде осы үдеден көрініп жүрген мәдениет майталмандары да аз емес. Мәселен, күні кеше Ақорда төрінде жырау Айбек Тәңірбергенов «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді. Ал Сыр төріндегі салтанатты кеште 40 жылдан бері қазақ өнерін алыс-жақын шетелдерге танытып жүрген әнші Үміткүл Медеуоваға «Құрмет» ордені табысталды.
Кейде қалам ұстаған қауым мен өнер ұштаған жандардың шығармашылық ізденістері елеусіз қалап жататыны жасырын емес. Соңғы жылдары бұл олқылықтың орны толтырылып, әдебиет пен мәдениет өкілдеріне облыс әкімінің «Тұран» сыйлығы табысталып келеді. Биыл да сол ізден жаңылмай 20 шығармашылық иесіне аталмыш сыйлық берілді. Марапат төрінен көрінгендердің қатарында жас жазармандарға жол көрсеткен ардагерлер қауым да бар. Айталық ақын, журналист Рысты Бекбергенова 95 жасында «Тұранның» тұғырына көтерілді.
Шыны керек, шығармашылығың шырақты болу үшін тірліктің түйіткілдерінен азат болған маңызды. Бұл ретте қаламы мен талабына сүйенген жандарды осылай елеудің өзі көңілдерін көкке көтеріп тастағандай. Мәдениет майталмандарының көңілі шат. Барлығы «Тұран» сыйлығы дәстүрлі түрде табысталуы тарихи сәт деп бағалады. Рухани кеште сондай-ақ, бірқатар азаматқа еліміздің мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Мұнымен қоса, мерекеге орай Қызылорда қаласы мен аудандардағы өнер ұжымдарына қобыз сыйға беріліп отыр.
Туған топырақтың тұғырын тіктейтін талапты таланттар барда Сыр өнері өрісті. Осылайша күмбір күй мен әуезді ән әуелеген кештен мәдениет қызметкерлері тың серпінмен тарқасты.