#qyzylordatv #news #қызылорда #жаңалықтар #руханият#жаңақорған#музей

Жаңақорған ауданында Руханият орталығының құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Заманауи үлгіде салынған нысанға музей, архив, кітапхана, ардагерлер мен әйелдер кеңесі, үкіметтік емес ұйым өкілдері және аудан жастары орналасты. Орталықтың ашылуына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен Сенат, Мәжіліс депутаттары қатысып, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.

 Өткен жылы «Руханият жылы» аясында облыстың жеті ауданында «Руханият орталығының» құрылысы басталған болатын. Бірнеше мекемені бір шаңырақ астына біріктірген бірегей кешен бұған дейін Қармақшы, Жалағаш, Шиелі аудандарында ашылды. Енді міне, құны 1,6 млрд. теңгені құрайтын зәулім ғимарат жаңақорғандықтардың көз қуанышына айналып отыр.

 Жаңақорған тамыры терең, тарихы кенен руханият ордасы. Өңірде өткеннен сыр шертетін құнды дүниелер жетерлік. Солардың бірқатары музей қорында сақтаулы.

Бұрынғы музейімізде экспонаттарымызды сақтау оны толықтай залға шығару мүмкіндігі болмаса Руханият орталығының ғимаратынан аудандық музейге жалпы көлемі 631 шаршы метр орын беріліп отыр. Қазіргі таңда бізде 12 мыңға жуық экспонат бар.... \

 Ауданның өткенінен сыр шертетін архивтің де сыйымдылығы аз болатын. Жаңа нысандағы архив залына 210 мың құжат сақтауға болады. Сондай-ақ орталықта неке қию залы, тәулік бойы қызмет көрсететін кітапхана жұмыс істейді.

Орталықтың тынысымен танысқан облыс әкімі аға буын өкілдерімен және жастармен кездесіп, аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

 Облыс әкімі мен депутаттар мұнан соң жаңадан ашылған «Жайлы мектеп» пен Оқушылар үйінің жұмысымен танысты. Өскелең ұрпақтың жан жақты білім алуы үшін және түрлі үйірмелерге қатысып, шығармашылығын шыңдауға барлық жағдай жасалған.