Ең әдемі киім қайсы екенін білесіз бе? Қызылордалықтардың пікірінше - бұл ұлттық киім! Иә, соңғы уақытта қызылордалықтар ұлттық нақыштағы киімдерді тек сахнаға немесе мерекеге орайластырып қана емес, күнделікті киетін болған. Ал әз-Наурыз мерекесі қарсаңында әсіресе қыз балаларға арналған кәжекейлерге сұраныс арта түседі. Олардың бағасы мен сапасы көпшіліктің көңілінен шыға ма? Жалпы тұрғындардың ұлттық киімге көзқарасы қандай? Тақырыпты тілшіміз Шакизат Жалғас тарқатады.

ШАКИЗАТ ЖАЛҒАСҚЫЗЫ – ТІЛШІ Өткен жылы осындай тақиялар өте танымал болды. Әсіресе, қыз-келіншектер оны тек мерекеде ғана емес, күнделікті өмірде, көшеде тіпті оқу орындарында киіп жүргенін жиі байқадық. Ал биыл осындай ою-өрнектермен көмкерілген этно-корсеттерге сұраныс жоғары. Бұл киімге көбінесе студенттер мен жоғары сынып оқушылары тапсырыс береді екен.

 Қазақы киімнің сәні мен мәні оның ою-өрнегінде. Әрбір әшекейінде халқымыздың тарихының қайталанбас көрінісі жатыр. Ерте замандардан бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, қазақ қолөнерінің озық үлгісі ретінде ғана емес, әрі әсем, әрі ыңғайлылығымен де пайдаланудан қалмай келе жатқан ұлттық киімдеріміз жетерлік.

 АЙМАН ӘБДИЕВА - СӘНГЕР Тұсаукесерге көп тапсырыс түседі, тек қана Қызылорда емес, бүкіл Қазақстан бойынша да тапсырыстарды орындап жатырмыз. Мектептерден түседі, өте қатты қуантатын жайт, себебі балаларымыз қазақы нақышта киінуге үйреніп келе жатыр,дағдыланып келе жатыр.Қазіргі жастардың да талғамы ерекше,кейбіреулер минимализмды жақсы көрсе, кейбіреулері тастары көп болған киім үлгілерін жақсы көреді, солардың ата-аналарының бюджетіне сай, тапсырыстарына сай жасап жатырмыз. Көп жағдайда оюдың мағынасына аса мән береміз. Кеңінен қолданылатын қошқар мүйіз, шексіздік үлгідегі ою,жиі қолданылады.

Трендтегі бренд киімдерді кім кигісі келмейді? Тек, оның бағасы қалтаны қағатыны болмаса. Көпшіліктің пікірі осыған саяды.

 Мамандардың айтуынша, ұлттық нақыштағы киімдердің қымбат болуы шикізат жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Сондықтан көпшіліктің таңдауы көрші елден жеткізілген қолжетімді бағадағы шапан, қамзолдарға түсіп жатады.

 АЙМАН ӘБДИЕВА - СӘНГЕР

Біздің елімізде шикізатты көбінесе өндіре қоймаймыз, сол үшін шикізаттың барлығы импорттан келеді, сол себептен бағаға әсерін тигізеді. Негізі, 15 мыңнан басталып жоғары қарай, көп жағдайда жеңілдік жасап тұрамыз, өзім көпбалалы ана болғандықтан барынша акциялар жасаймыз.

Қызығы сол, қазір бойжеткендердің ұлттық бас киімге қызығушылығы артып келеді. Бұл ретте сәнгер өз кеңесімен бөлісті.

 АЙМАН ӘБДИЕВА - СӘНГЕР

/Қазақтың бас киімдері жасына сай, кезеңіне сай бөлініп, киілген, киген бас киіміне қарап, отбасының, сол әулеттің статусын да көруге болады. Бойжеткен қыздар бөрік киген. Сәукелені қыз баласына ұзатылатын қыздарға анасының байғазысы ретінде,үйінің құты ретінде басына тағып жібереді. Кимешекті үлкен аналарымыз, әже болған апаларымыз киеді.

 Бір қуантарлығы, жыл өткен сайын ұлттық киімдер сән индустриясында трендке айналып, заманауи киім үлгілеріне ерекше рең беруде.