Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туристік саланы дамыту және цифрландыру мәселесі қаралған болатын. Осыған байланысты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жауапты сала басшыларына Сыр өңірінің туристік әлеуетін жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында бірқатар тапсырма берді.

Аймақта өткен жылы ішкі туризмді дамыту мақсатында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Осыған сәйкес әлеуметтік желілерде арнайы парақша ашылып, өңірдің туристік нысандары туралы ақпараттар мен туризм бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жарияланып келеді. Жалпы, 2024 жылы Сыр еліне 169 мыңнан астам турист келген. Шетелдіктерді негізінен Байқоңыр ғарыш айлағы мен Арал теңізі қызықтырады.

БАҚТИЯР АРТАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ \Туристік ағынның өсуі туризм саласына салынған инвестицияның ұлғаюымен қатар жүреді. 2024 жылы облыстың даму бағдарламасы аясында жоспар 19,7 млрд теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысымен

33,8 млрд теңгені құрап, 2023 жылғы есепті кезеңімен салыстырғанда 1,6 есеге өсті. \

 «Туризм экономиканың дамуына серпін беретін маңызды сала. Сондықтан туристік бағыттағы нысандар мен жол бойындағы сервистік кешендердің жай-күйін зерделеп, қызмет көрсету сапасына, тазалығына жете мән беруіміз керек. Себебі, тазалық – мәдениеттілік өлшемі». Осылай деген облыс әкімі сала басшылары мен қала, аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді.

Мәжілісте мұнан бөлек Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына көктемгі залалсыздандыру жұмыстарын дер кезінде жүргізуді, елді мекендер мен мал қораларға механикалық тазартуды ұйымдастыруды тапсырды.