#qyzylordatv
Бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен облыстық қоғамдық кеңестің үшінші сайланған құрамының қорытынды отырысы өтті.
Әсілінде, елдік деңгейде еңбек ету қоғамдық кеңес сынды азаматтық институттың қабырғасында қалыптасады. Кеңестің қорытынды басқосуына қатысқан облыс әкімі қоғамдық кеңес атқарушы органдардың ашықтығын қамтамасыз етуге жәрдемдесетін белді әрі әлеуетті институтқа айналғанын атап өтті.
Аймақ басшысы алдағы жоспарларын да айтып өтті. Жақсы жаңалықтарымен де бөлісті. Жалпы қол жеткізген жетістіктерімізде туған жеріне жанашыр азаматтардың, оның ішінде қоғамдық кеңес органының да өзіндік үлесі бар деді облыс әкімі. Жиында кеңес мүшелері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Қылышбай Бисенов пен «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожаева өз тарапынан пікір білдірді
Қоғамдық кеңес үш жыл ішінде қоғам мен атқарушы билік арасында диалог алаңы болды. Ондағы комиссиялар бюджеттік бағдарламалардың, аймақтың стратегиялық даму жоспарының орындалу барысын зерделеді. Қаржының мақсатты жұмсалуы мен тиімділігін арттыру және көп талқысына түскен бірыңғай уақыт белдеуі, тегін дәрілік көмек көрсету, аяқ су, ауыз су сапасы, т.б. мәселелерді талқылау үшін арнайы жиындар өткізіп, жергілікті билікке нақты ұсыныстар берді. Ұсыныстардың басым көпшілігі жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау және оң шешімін тапты. Үш жыл бойы азаматтық қоғам үнін билікке жеткізуде алтын көпір болған кеңес мүшелеріне облыс әкімінің, Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестер қауымдастығының алғыс хаты табысталды. Айта кетейік, жақын күндері облыстық қоғамдық кеңестің жаңа құрамының алғашқы отырысы өткізіліп, төрағасы сайланады.