#qyzylordatv
Аймақта жол жөндеу жұмыстары қарқын алып келеді. Осы орайда қала мен елдімекен көшелеріне сапалы асфальт төселуіне баса назар аударылып, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» мамандары өңірдегі асфальт-бетон зауыттарына тексеру жұмыстарын жүргізуде.
Асфальт – күн сайын басып жүретін төсем ғана емес, жолдың сапасы мен қауіпсіздігінің негізі. Осы бағытта «Қыран» ЖШС асфальт-бетон зауыты өңірдегі маңызды жол жобаларына үлес қосып келеді. Мәселен, «Қызылорда-Жезқазған» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарын жасап, тиесілі учаскені мерзімінен бұрын сапалы аяқтап, отандық компаниялардың жоғары деңгейде жұмыс істей алатынын дәлелдеді.
Құрылыс маусымы басталысымен қызу қарқын алған асфальт жолының сыны мен сапасын тексеретін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы». Мамандар бірінші сәуірден бастап аймақтағы 15 асфальт-бетон зауытын тексеріп үлгерген. Арасында талапқа сәйкес келмейтін зауыттар да баршылық, олар келесі айдың жартысына дейін қателігін түзеуге мүмкіндік алған.
Аймақтағы белді жол салушы компаниялардың бірі - «УАД» серіктестігі. Қиындығы мен ауыртпалығы мол жол саласында ерлермен бірге иық тіресіп нәзік жандар да жұмыс істеп жүр. Солардың бірі - зертхана инженері Жұлдыз Сағындықова. Ол зауыттан шығатын асфальт құрамын күнделікті жіті қадағалап, материалдардың сапасын ұдайы тексеріп отырады.
Іргелі кәсіпорынның өндіріс аумағында екі асфальт шығаратын заманауи зауыт орнатылған. Мұнда жол құрылыс материалдары италияндық технологиямен өңделеді. Кәсіпорында 200-ден аса адам еңбек етеді.