#qyzylordatv

Дәрігерлер арасында волейболдан ел біріншілігі өтті. Қызылордада ұйымдастырылған тоспадоп бәсекесіне әр өңірден келген психиатрия саласының қызметкерлері қатысты.

 Екі күнге созылған дүбірлі дода «Мұз айдынында» өтті. Турнирдің мақсаты - корпоративтік рухты нығайтып, ақхалаттылардың ынтымағын арттыру.

САҒАТ АЛТЫНБЕКОВ — РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПСИХИАТРИЯЛЫҚ АССОЦИАЦИЯНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

  Республикалық спартакиада психикалық орталық қызметкерлерінің арасында өтіп жатыр. Қазақстанымыздың бар облысынан келіп жатыр. Біздің қызметкерлер спортқа шұғылдансын деп, өздерінің деңгейін көтерсін деп, бір-бірімен аралассын деп сол мақсатымыз. Осы шарамыз бізде жыл сайын болады. Биыл Қызылордада, 2026 жылы Оралда өткіземіз. Қатысушылар бәрі де психикалық орталықтың жұмыскерлері: дәрігерлер, медбикелер. Жастары енді 25-тен 45-ке дейін.

 Кәсіби қызмет пен салауатты өмір салтын қатар алып жүрген дәрігерлердің сайысы тартысқа толы болды.

 ПЕРНЕХАН ЖОЛЫМБЕКОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ // Біз Шымкент қалалық ПДО дәрігерлері. Біз бірінші командада Оралдың командасымен ойнадық, ұттық, 2:0 қылып. Жетісумен ойнадық, бұл жерде де ұттық. Енді жақсы ойын көрсетеміз ғой деп ойлаймыз. Ойыншылардың бәріне сәттілік тілеймін!

 ЕРНҰР САҒАДАТ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ // Қарағандының намысын қорғап келіп отырмын. Бүгінгі ойында біз B тобына түскен болатынбыз, онда Түркістан, Тараз облысы және біздің облыс. Өкінішке орай, жаңа бірінші ойын болды, біз Тараз облысынан 2:0 есебімен ұтылдық. Түркістанмен ойын болады, соған енді қарқынды түрде дайындалып жатырмыз.

 Финалдық ойынның қорытындысы бойынша жүлделі I орынды Сыр өңірінің командасы, II орынды Түркістан облысы, III орынды БҚО иеленді. Қалған командалар түрлі номинациялармен марапатталды.