#qyzylordatv
«Ұлы Жеңіс - ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі». Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік шара осылай аталды. Мерейлі мерекеде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев майдангерлер мен сарбаздарды құттықтап, құрмет көрсетті.
Аймақта екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қос майдангер мен 1700-ге тарта тыл ардагері бар. Олардың барлығы Президент Жарлығымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Салтанатты шарада облыс әкімі жұртшылықты мерекемен құттықтап, бейбіт өмірді сыйлаған аға буынның ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмауы тиіс деді.
Тыл және түрлі сала ардагерлеріне «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалі мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сейілхан Садақбаев Арал ауданының тумасы. Тоқсанға таяған тыл ардагері жеңіс мерекесін асыға күтеді. Өйткені әкесі ашаршылық жылдарында Еділ бойында жұттан жұтаған жұртқа Аралдан 14 вагон балық жіберген еңбеккерлер қатарында болған. Ал өзі соғыстан кейінгі жылдары теңізді өлке тұрғындарын ғана емес, тұтас елдің аумағын балықпен қамтуға үлес қосыпты.
Жеңіс күні қарсаңында елімізде бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар, жоғары әскери атақтар, сыныптық шендер тапсырылғаны белгілі. Соның ішінде Мемлекет басшысы жерлесіміз Арман Тастемірұлына сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің генерал-майоры арнаулы атағын берді. Облыс орталығында өткен салтанатты шарада қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Олжас Тұрсынбаевқа Төтенше Жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау майоры арнаулы атағы табысталды.
Мұнан соң сахналық қойылым арқылы соғыс қасіретін бейнелеген өнерпаздар бейбіт өмірдің мәнін ұқтырса, майдан даласында жазылған отты жырлар патриоттық рухты шарықтата түсті.