Негізгі Жаңалықтар Аралдықтардың талап-тілегі тыңдалды

Аралдықтардың талап-тілегі тыңдалды

#qyzylordatv 

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев пен құқық қорғау органдарының басшылары Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Кездесу барысында азаматтардың өтініш-тілектері тыңдалып, көтерілген өзекті мәселелерді шешу жолдары қарастырылды. 


Облыс әкімі мен құқық қорғау органдарының басшылары аудандарға арнайы барып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауды тұрақты дәстүрге айналдырған. Бұл шалғай елді мекен халқының облыс орталығына қатынамай-ақ, өзекті мәселелерін тікелей аймақ басшысына жеткізуіне мүмкіндік береді.

Арал ауданында өткен кезекті қабылдау барысында жергілікті ардагерлер жеке бастың сұрақтарымен ғана шектелмей, жалпы жұртшылықты толғандырған ортақ мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Сексеуіл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы елді мекен мен аудан орталығын байланыстыратын автожолдың қазіргі жай-күйіне назар аударып, оны жөндеу қажеттігін жеткізді.


 БАҚЫТЖАН ЖОЛМЫРЗАЕВ – СЕКСЕУІЛ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ Сексеуіл менен Аралдың ортасындағы 37 километр жол көптен бері жөнделмеген. Соны жөндеу жөнінде айқтанмын облыс әкіміне. Ол кісі қабылдады. Жақында шешіледі деп уәде берді. 


 Аралқұм ауылының тұрғыны Бақыт Кірбасов елді мекендегі электр желілерінің әбден тозығы жеткенін айтып, мәселе көтерді. Тұрғынның сөзінше, тозығы жеткен сымдар ауа райының қолайсыздығына төтеп бере алмайды, ал электр бағаналары бір жағына қисайып, құлау алдында тұр.


БАҚЫТ КІРБАСОВ – АРАЛҚҰМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 

Свет 1966 жылы салынған. Сонан бері жаңарту көрмеген. Ол темір жолдың баланысында болған. Аймақтық басшыға айттым Мұрат Нәлқожаұлына. Өзінің назарында бар екен. Қамқорлығына алған екен. Сонымен енді бастап салқынға қарамай, күшті техникалардың есебінен соны желтоқсанның аяғына дейін болдырып беруге ықпал жасаймын деді. 


 Кездесуге келген тұрғындар құқық қорғау органдары басшыларының жеке қабылдауында болып, өздерін толғандырған сұрақтарына нақты жауап алды. 


 Айта кетейік, Арал ауданында өткен жеке қабылдауға 50-ге жуық азамат келді. Тұрғындар тарапынан тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Азаматтардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аймақ басшысы жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, барлық мәселенің шешілуі жеке бақылауында болатынын жеткізді.


Бөлісу