Негізгі Жаңалықтар Қос ғұмыр – бір өнер

Қос ғұмыр – бір өнер

#qyzylordatv 

Сыр бойының дәстүрлі өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі жырау Ақмырза Тұяқбаевтың туғанына биыл – 115 жыл. Ал оның жұбайы «Сырдың қараторғайы» атанған әнші Фатима Төлегенова 100 жасқа толар еді. Облыс орталығында бір шаңырақтың шырағын жағып, бір өнердің уығын көтерген жандарды еске алу кеші ұйымдастырылды. Өшпес өнер иелерін ұлықтау шарасынан тілші бейнематериалы.  


 Ақмырза Тұяқбаев 1911 жылы Жалағаш ауданына қарасты Аққошқар ауылында дүниеге келген. Жастайынан ән мен жырға құмар болып өскен ол ең алғаш немере ағасы Әмірбек жыраудан тәлім алыпты. Содан соң Сыр бойының әйгілі жырауларының мақам-мұрасын терең меңгеріп, өрелі өнерімен өзіндік із қалдырды. Айта кетерлігі, Ақмырза жырау Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Рауа Бану» дастанын толық орындаған алғашқы өнерпаздың бірі. Бұл туынды оның орындауында грампластинкаға жазылып, жырсүйер қауымға кеңінен тарады.   


 Ақмырза Тұяқбаевтың орындаушылық өнері өңірлік шеңберден шығып, есімі одаққа танылды. 1939 жылы Қарақалпақстанның Төрткүл қаласында өткен өнер олимпиадасында екінші орын иеленуі осының дәлелі. Тіпті, Мәскеу төрінде де бірнеше рет өнер көрсеткен. Ал, оның жұбайы Фатима Төлегенова «Сырдың қараторғайы» атанған жезтаңдай әнші. Бір сөзбен, екеуі бір шаңырақтың шырағын жағып, бір өнердің уығын көтеріп, парасат биігінде ғұмыр кешті. Сондықтан, ғасыр көші ауса да, ғазиз жандардың есімі ұмытылмақ емес.


Еске алу кешінде даңқты жырау Алмас Алматов қос ғұмырды бір өнер жолында өрген жұптың ұлттық өнерге қосқан үлесіне тоқталды. Ақмырза Тұяқбаев кезінде ән еркесі атанған Нартай Бекежановпен шығармашылық байланыс орнатып, кейін оның концерттік бригадасының белді өнерпаздарының бірі болды. Кеш барысында жергілікті жыраулар сол тарихқа таңбаланған туындыларды орындап, өнегелі өмір иелеріне құрмет көрсетті. 


 Осылайша рухани кеште өнерпаздар қос тұлғаның репертуарындағы халық әндері мен жыр-термелерді орындап, Сыр бойының дәстүрлі өнерінің өміршең екенін байқатты. 

Бөлісу