#qyzylordatv
«Жаужүрек танкист». Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Даужан Сариевті ауылдастары осылай атап кеткен. Себебі, ол майдан даласында өзі мінген «Т-34» танкісінің оғы таусылғанымен, жаудың танкісін соғып, көзін жойған. Жеңіс күні қарсаңында майдангердің ұрпақтары Отан үшін от кешкен жауынгерді еске алып, рухына құран бағыштады.
Даужан Сариев 19 жасында әскер қатарына шақырылып, танкисттер даярлайтын арнайы курстан өтеді. Ержүрек сарбаз Рига қаласын азат ету кезінде жаудан тайсалмай, оғы таусылған темір тұлпарымен жаудың танкісін таптайды. Алайда өзі ауыр жарақат алады. Дала госпителінде жартылай емделіп, қайтадан соғысқа аттанады. Осылайша, ол ерен ерлігінің арқасында «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады. Ардагердің ұрпақтары жылдағы дәстүрге сай мереке қарсаңында қара шаңырақта бас қосты. Батырдың ерлікке толы ғұмырын айтып, өткенді еске алды.
Майдангер Жеңісті Берлинде қарсы алыпты. Бірақ, бірден елге оралмайды. Туған ауылына тек 1946 жылы қайтады. Елге орала салысымен Қараөзек ауылын құруға атсалысады. Сондай-ақ, ауыл азаматтарына техника тілін түсіндіріп, ұстаздық қызмет атқарады. Еңбек жолында механик, егіс және мал азығын дайындау бригадирі, гараж меңгерушісі, бас инженер де болған. Қазір қалаға қарасты Қараөзек ауылында соғыс ардагерінің есімімен аталатын көше бар.
Ажал оғын сепкен соғыс салқыны талайдың тағдырына таңба болды. Жаужүрек жауынгерлер өздері сол салқынды сезсе де, ұрпағына бейбіт күннің бақытын сыйлап кетті. Ұлы жеңістің құндылығы осында!