#qyzylordatv

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге ағаш отырғызды. Шара барысында Астана қаласы мен бірқатар өңір әкімдері телекөпір арқылы Президентке атқарылған жұмыс жөнінде есеп берді. Жалпыұлттық қозғалыс аясында елдің тазалығына үлес қосып жүрген белсенділер марапатталды.

 Жалпы елімізде «Таза Қазақстан» акциясы басталған екі жыл ішінде 2 миллион тонна қоқыс жиналып, 5,5 миллионға жуық тал егілген. Жыл сайын бұл бастамаға 6,5 миллион адам, соның ішінде 780 мың волонтер қатысады. Сырдың сол жағалауына көрік берген Президент саябағы бүгінде тұрғындардың сүйікті орнына айналып келеді. Қазір мұнда заманауи субұрқақтар мен ойын алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орнатылған. Жалпы 31 гектар аумаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген. «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс әкімі эковолонтерлармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.

 Соңғы жылдары аймақта елді мекендерді абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Акцияға облыс бойынша 25 мыңнан астам адам атсалысып, 12 мыңнан астам тал егілді. Соның мыңға жуығы Президент саябағына отырғызылды.

 Табиғатты қорғау тек тазалықпен шектелмейді. Тұрғындар арасында экологиялық мәдениеттің артуы қоршаған ортаға қамқорлықты күшейте түседі. Экоакцияның да түпкі мақсаты осы.