#qyzylordatv

Облыс орталығында «Денсаулық сақтау жүйесіндегі жас мамандар: медициналық колледждердің халықаралық диалогы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мәресіне жетті. Жиынға Түркия, Латвия, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің барлық өңіріндегі жоғары медицина колледждерінің студенттері қатысты.

 Қорытынды шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «AMANAT» партиясының облыстық филиалы арасында Меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ қатысушыларға «Алғыс» хаттар мен сертификаттар табысталды.

АЛМАС ӘБІЛПАТТА – ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

 Бұл конференция ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің іс-жоспары аясында және Қызылорда облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен жүзеге асып жатыр. Бұл меморандум аясында жастар өз еркімен волонтерлік қызмет атқарып, ақ халатты абзал жандарға көмектесу мақсатында жастардың арасында болып жатқан синтетикалық есірткі, синтетикалық темекі, ауруларға алғашқы көмек көрсету, сол сияқты волонтерлік қызметті үйретеміз.

 ЖАНДОС БАЗАРТАЙ – «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ҚОФ ТӨРАҒАСЫ

Бұл медициналық бағыттағы еріктілер жобасы. Медициналық колледждің мақсаты – мықты кадр даярлап берсе, біз Жастар рухы арқылы оларды халықпен тікелей жұмыс істеуіне және халыққа көмектесуіне, олардың тәжірибе алмасуына және тәжірибелерінің шыңдалуына мүмкіндіктер жасайтын боламыз.Осы пилоттық жобаны жүзеге асырып, алдағы уақытта республикамыздың барлық өңірлерінде республикалық деңгейдегі Жастар рухы арқылы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асыратын боламыз.

 Жиында Қызылорда медициналық жоғары колледжі мен Белоруссия Республикасы, академик И.Антонов атындағы Витебск мемлекетттік медициналық колледжі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Алдағы уақытта студенттер “Академиялық ұтқырлық” бағдарламасы бойынша осы оқу орнында білім алатын болады. Сондай-ақ, Қызылорда медициналық жоғары колледжінің білім алушыларына шетелдік оқу орындарында оқу-өндірістік практикадан өтуге жолдама берілді. Айта кетейік, 2 күнге созылған конференция болашақ медицина мамандарының кәсіби және ғылыми әлеуетін біріктіру арқылы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, медициналық білім берудегі инновациялық идеялар мен цифрлық технологияларды ілгерілету, сондай-ақ қоғам игілігі үшін мейірімділік пен жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.