#qyzylordatv
Елімізде жыл сайын 40 мың адам жолда жарақат алады, 2,5 мың адам көз жұмады. Бұл - ішкі істер министрлігінің дерегі. Әсіресе елді мекендерде жол-көлік оқиғасы жиі тіркелуде, барлық аварияның 84 пайызын құрайды! Негізгі себеп – жүргізушілердің ережені сақтамауы, жыл басынан бері ережеге бағынбаудың 3 млн-нан астам дерегі тіркелді. Ал, Қызылорда облысындағы ахуал қандай? Аманат партиясында жол қауіпсіздігі мен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі қаралды.
Өзіңіз де күнде куә болып жатасыз ғой, көліктердің соқтығысын, жүргізушілердің жүгенсіздігін... Облыста жол қауіпсіздігі мәз емес, 3 айдың өзінде 224 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 25 адам көз жұмды, 276 адам жарақат алды. Аркан, интегра, мираж, зерек, экин бокс споттлер, сұңқар сынды 200-ге жуық камера жұмыс істеп тұрғанының өзіндегі жағдай осы. Ахуал тек аймақта ғана емес, еліміз бойынша алаңдатарлық дейді сала министрі
ЕРЖАН СӘДЕНОВ – ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ
Жыл басынан бері 3 млн-нан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі тіркелді. 5,5 мың жүргізуші мас күйде ұсталды. Республика жолдарында 60 пайыздан астам заңбұзушылықты анықтайтын 30 мыңдай камера жұмыс істеп тұр. Әсіресе елді мекендерде жол қозғалысы ережесін бұзу көрсеткіші өте жоғары – 84 пайызды құрап отыр!
Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде камералардан бөлек, көше қиылыстарына 80 дана «интеллектуалды қиылыс» құрылғыларын «пц ерап» жүйесіне интеграциялау жұмыстары жүруде дейді жергілікті полиция өкілдері. Сол құрылғымен 3 ай ішінде 40 142 құқықбұзушылықты анықтап, оларға қатысты 578 млн теңгенің үстінде айыппұл салынған. Әлі күнге дейін аймақта мас бола тұра рульге отыру, қарсы бағытқа шығу, жылдамдық асыру, жаяу жүргіншіге жол бермеу деректері тыйылмай тұр дейді тәртіп сақшылары, соның салдарынан сұмдық жол апаттары орын алып отыр.
Ал, көліктік бақылау инспекциясы жыл басынан бері 109 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартып, 6,1 млн теңге өндіріпті. Көлік саласындағы цифровизация мен жасанды интеллект көмегі жемқорлықты жоюға ықпалын тигізетіні түсінікті. Осы ретте жолдарға автоматты өлшеу құрылғысы қойылуы шарт! Ал, ол бізде әлі жоқ! Себебі неде?
Жол демекші, жақсы жаңалық бар: республикалық маңызы бар Қызылорда қаласының айналма жолын жаңартуды қаржыландыру келісіміне қол қойылды. Ислам даму банкі ақша бөлед. Жоба аясында жалпы ұзындығы 25 км жол жөнделед. Жоба DBM тетігі негізінде өткізілді. Яғни, бүкіл процесс бір мердігердің мойнында болады, ол компания жергілікті «Қыран» мекемесі. Бұл да өз кезегінде сапалы жолдардың үлесін одан әрі арттырмақ.
Аманаттықтар автожолға қатысты бірін бірі толықтыратын заңдарды, мәселен, жол жүрісі туралы, жол қозғалысы ережелері, әкімшілік құқық бұзушылық кодексі, т.б. заңнамаларының басын қосып, оңтайландандырған дұрыс деген пікір айтты. Президенттің өзі заң өзектенуі тиіс деп айтты емес пе?! Бұл ұсынысқа қатысты жергілікті құзырлы сала өкілдері әзірге үнсіз отыр. Одан бөлек, жүк тиеген шахман, хова сынды ауыр көліктер тек каръерлерде жұмыс істесе деген ұсыныс та тасқа тиген жапалақтай жалп етіпті. Кездесу барысында депутаттар тарапынан көп сұрақтар қойылды, алайда оның басым бөлігі жауапсыз қалып жатты.
Қысқасы, партия күн тәртібіне шығарған тақырып - жолдағы коррупциямен күрес болатын, бірақ, спикерлер тастүйін дайын болмағандықтан ауытқулар орын алды, жалпы жолдағы жемқорлық - бұл жүргізушілер мен патрульдік полиция арасындағы заңсыз әрекеттер, пара алу мен беру, айыппұлды жасыру және қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану. Мұның бәрі жол қауіпсіздігін төмендетіп, жүргізушілердің құқығын бұзады. Бұл мәселемен күресу үшін бейнетіркегіштер, цифрландыру жүйесі жұмыс жасауы керек. Әрине, одан бөлек, әрбір адамның саналы әрекеті мен жариялылық басты роль атқарады. Жеме жемге келгенде, ереже бұзбасаңыз қалтаңыздағы ақшаны беталды пара ретінде бермейсіз ғой! Сондықтан ереже бұзбаңыз, жүргізуші!