#qyzylordatv
Төларанадан түлеп ұшқан талай түлек еліміздің медиа саласында өзінің білікті маман екенін танытып жүр. Солардың бір шоғыры Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінде жемісті еңбек етіп келеді.
Түсірілім алаңына телеоператор ретінде барған Қанат Еңсебаев Сириядағы содырдың рөлін сомдауға мүлдем дайын болмаған. Дегенмен деректі фильмнің шынайы шығуы үшін, өзі де талай кейіпкердің табиғатын тап басып танығандықтан образға енуге еш ойланбай кірісіпті. «Шыңырау» эфирге шықпастан бұрын, Қанаттың автомат асынып шекара асқаны жөніндегі қатар құрдастарының қалжыңы әлеуметтік желіге тез тараған.
ҚАНАТ ЕҢСЕБАЕВ – ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ТЕЛЕРАДИОКЕШЕНІНІҢ ТЕЛЕОПЕРАТОРЫ
«Шыңырау» деген деректі фильмді түсіруге барғанбыз Алматыға түсірілім тобы болып. Актерларымыз қаланың әппақ балалары түсіретін сценариімізге келмеді. Сосын режиссерға айттым осы рөлді біз ойнайық деп. Бұл жерде террористің рөлін ойнау керек болды. Қолымызда автомат, содан грим жасады өзімізде сақал бар. Қарамыз өзіміз содан террорист болып шықтық қой. Руслан Айтмамбетов Қазақстан Қызылорда телеарнасында бірге жұмыс істеген ағамыз екеуміз ойнадық, эпизод ретінде көрінді. Сол фото, видеоларымыз бір-біріне жіберіп, Қанат Ауғанстанға кетіп қалыпты деген әзілдер болды
«Қызылорда» телеарнасында 2009 жылы телеоператор ретінде жұмысын бастаған Қанат Еңсебаев «Жаңалықтар» қызметімен қатар түрлі бағдарламаларды таспалап, талай құнды дүниенің алтын қорға сақталуына өз үлесін қосты. 2013 жылы «Хабар» телеарнасының аймақтық қосынына ауысқан ол қазір ҚР Президенті телерадиокешенінде телеоператор болып жұмыс істейді.
Қара шаңырақтан мамандықтың қыр-сырына қаныққан тағы бір білікті кадр Ербол Кәкімбаев қазір Президент телерадиокешенінде аға телеоператор болып еңбек етуде.
Телеарна түлеткен тағы бір маман – Руслан Айтмамбетов. Көрерменге жететін әрбір кадрдың мәтінмен мәндес, сөзбен сәйкес сөйлеп тұруын, сапалы болуын қамтамасыз ететін монтажер «Осында алған тәлімім болашағыма бағдар болды», - дейді.
Зухраб Отаровтың есімі Сыр жұртшылығына «Кім болам?», «Жастар кз» хабарлары арқылы жақсы таныс. Олар дайындаған телеөнімдер қазіргідей әлеуметтік желі жоқ, ғаламтордың өзі екінің біріне қолжетімсіз уақытта жас буынды көкжәшікке жіпсіз байлады. Тіпті хат алмасып, мамандық таңдау мен көп алдында танылудың жалғыз жолы осы облыстық телеарнаның жастарға арналған бағдарламалары болатын.
2008-2011 жылдары «Қызылорда» телеарнасында еңбек жолын қалыптастырған Зухраб Отаров 2011-2022 жылдары республикалық «Хабар» телеарнада тәжірибесін шыңдады. 2022 жылдан бастап ҚР Президенті телерадиокешенінде аға режиссер болып еңбек етуде.
Осылайша телеарнадан тәлім алған түрлі буынның өкілдері бүгінде Президент телерадиокешенінде өз орындарын қалыптастырған мықты маманға айналды. Олар әркез қара шаңырақтан шыққанын ұмытпайды. «Қызылорда телеарнасы – білікті кадрлардың мектебі» екенін әр ісімен дәлелдеп те жүр.