#qyzylordatv
Қазалы ауданында Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай «Мырза» атындағы халық аспаптар оркестрінің «Көк байрағым желбіре!» атты облыстық фестиваль-концерті өтті. Тағлымды кеште елімізге белгілі композиторлар Балнұр Қыдырбек, Әлқуат Қазақбаев және Сәукен Әліштің таңдаулы туындылары орындалып, көрермен рухани азық алып қайтты.
Жарты ғасырдан астам тарихы бар «Мырза» халық аспаптар оркестрі бүгінде қазақ мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Басты ерекшелігі оркестр аудандық Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің ұстаздарынан құралған. Қазақстандық композиторлардың туындыларын, әлемдік классикалық шығармаларды сондай-ақ Мырза, Қазанғап, Жалдыбай сынды күйші-сазгерлердің асыл мұраларын насихаттап жүрген өнер ұжымының репертуары құнды қазынаға толы.
СӘУКЕН ӘЛІШ, «МЫРЗА» АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚ АСПАПТАР ОРКЕСТРІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
Филармониялық оркестрден біздің айырмашылығымыз Өнер мектебінің ұстаздарынан жүз пайыз құралған. Айлық алып жұмыс істемейтін оркестр болмағасын үнемі дайындық бола бермейді. Былай оркестр жақсы. Жалпы репертуарда бізде жүздей шығарма бар. Әлемдік шығармаларды орындаймыз...
Кешке Қазақстан композиторлар одағының құрметті төрағасы, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Балнұр Қыдырбек арнайы қонақ ретінде қатысты. Балнұр Балғабекқызын үрмелі аспаптар оркестрі жанрында музыка жазған алғашқы отандық композитор. Оның «Қалқаман-Мамыр» опера-балеті, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты балалар балеті, «Наурыз мейрам хикаясы» және «Реквием» сияқты күрделі жанрдағы шығармалары мен симфониялық поэмалары, увертюралары елімізбен қатар шетелдік оркестрлердің де репертуарларында орын алған.
БАЛНҰР ҚЫДЫРБЕК, ҚАЗАҚСТАН КОМПОЗИТОРЛАР ОДАҒЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ ТӨРАҒАСЫ
Астанадан, Алматыдан қазақтың мәдени орталығы шоғырланған жерден тыс аймақта еңбекшілермен кездесіп, елмен халықпен кездескенде нағыз шынайы шығармалардың идеясы келіп, шабыт алып жатырмыз. ...
Фестиваль-концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор Әлқуат Қазақбаев пен Қорқыт Ата атындағы өнер мектебінің директоры, «Мырза» атындағы халық аспаптар оркестрі мен «Қорқыт сазы» ансамблінің көркемдік жетекшісі Сәукен Әліштің танымал туындылары орындалды.
Шара соңында аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Балнұр Балғабекқызына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Қазақы дәстүрмен камзол кигізіп, орамал жапты. Облыстық филармония жанындағы Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Руслан Балмасовқа да лайықты құрмет көрсетілді.
АЛМАСБЕК ЕСМАХАНОВ, АУДАН ӘКІМІ
Бүгінгі кеште орындалған әрбір шығарма шеберліктің, ізденістің, кәсібиліктің айқын көрінісі болды ...
Оркестрдің сүймелдеуімен жанды дауыстағы әндерді тыңдап, күй құдіретін сезінген көрермен өнерпаздарға тік тұрып қошемет көрсетті. Міне, өнерге деген махаббат осындай болса керек. https://youtu.be/qHqc9OeBmMY