#qyzylordatv

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен үкімет отырысында экономика саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесі қаралды. Облыс әкімі жиыннан соң жауапты сала басшыларына осы бағытта бірқатар тапсырма жүктеді.

 Жасанды интеллектіні экономиканың барлық саласына енгізу үшін ең бірінші білікті кадрларды оқыту керек. Осы мақсатта Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің Жасанды интеллект институты ашылды. Қазір онда 240 студент білім алып жатыр. Олар алдағы уақытта өңірдегі өндіріс орындары мен білім, денсаулық сақтау салаларында, халыққа қызмет көрсету орталықтарына жасанды интеллектіні енгізу, дамыту бағытында жұмыс істейтін болады. Жиында облыс әкімі аймақтағы мемлекеттік қызметкерлер де жасанды интеллект дағдылары бойынша білімін жетілдіру керектігін айтты.

 НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ

Жасанды интеллект дағдыларын дамыту мен қолданудағы маңызды басым міндеттердің бірі - кадрлардың біліктілігін арттыру. Бұл мақсатта Жасанды интеллект министрлігі барлық мемлекеттік қызметшілерді оқыту бастамасын көтеріп, мемлекеттік қызметшілер үшін жасанды интеллект құралдарын пайдалану дағдылары бойынша оқыту жұмыстарын жүргізуде. Облыстық басқармалар, Қызылорда қаласы, аудан әкімдіктері шұғыл барлық мемлекеттік қызметкерлердің жасанды интеллект дағдылары бойынша 100 пайыз оқудан өтуін жеке бақылауға алып, қамтамасыз етіңіздер

 Еліміздің бірқатар өңірінде жасанды интелект көмегімен инсульттің алдын алуға арналған «Церебра» жобасы жүзеге асып жатыр. Бұл диагноз қою барысын жылдамдатады әрі инсультты анықтау дәлдігін арттырады. Нұрлыбек Нәлібаев сондықтан жаңа технологияны біздің облысқа да енгізуді тапсырды.

 Жиында мұнан бөлек қоғамдық қауіпсіздік қамтамасыз ету, интернет алаяқтықпен күрес бағыты бойынша цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану мәселесі қаралды.