#qyzylordatv

Қызылордада санитарлық-техникалық жабдықтар шығаратын ірі зауыт салынады. Құны 70 млн евро болатын жоба испаниялық Roca Group компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Бұл өндіріс орны іске қосылған кезде Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың біріне айналады.

Премьер-министр Олжас Бектенов пен Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесуінде Қызылорда облысында сантехникалық зауыт салу жобасын жүзеге асыру мәселелері мен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды. Зауыт өңірдегі өндіріс индустриялық аймағында орналасады. Жоба жүзеге асқанда 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Ірі өндіріс ошағы ішкі нарықты ғана қамтамасыз етіп қоймайды, Қызылордадан шыққан санитарлық-техникалық өнімдер шетелге де экспортталады.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \«Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін біз шетелдік инвесторлармен жүйелі жұмыс жүргізіп келеміз. Өткен жылы Roca Group компаниясымен Қызылордада өндіріс орнын ашу мәселесін талқыладық. Компания санитарлық-техникалық бұйымдар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Roca Groupпен бірлесіп өндірісті бастау туралы негіздемелік келісімге қол қойылды. Жоба құны 70 млн евро. 20 гектар жер телімі берілді...\

 САНТЬЯГО ДЕ ГОМАР РОКА, ROCA GROUP ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ \Біз осында келгенімізді және жаңа келісімге қол қойғанымызды мақтан тұтамыз. Бұл – біздің компания үшін маңызды қадам. Біз сіздердің елдеріңіздің нарығына бірінші рет қатысып отырмыз және мүлдем жаңа зауыт ашамыз. Алдағы екі жылда біз шамамен €70 млн инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Бұл біз үшін ғана емес, ел үшін де маңызды. Бұл жоба біздің бүкіл тобымыз үшін сәтті болатынына сенімдіміз. Біз Қазақстанға сенеміз, осы мемлекетті жақсы көреміз және оның үлкен болашағына сенеміз\