#qyzylordatv

 Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры 70-ші маусымын «Арманымның ақ құсы» мелодрамасымен қорытындылап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Грузин жазушысы Лаша Табукашвилидің қойылымы белгілі актер Жәнібек Маханбетиярдың режиссерлығымен сахналанды.

Арманымның ақ құсы – бір кездесу арқылы бүкіл өмірі өзгерген жастың тағдырын суреттейтін мелодрама. Ата-анасынан ерте айырылған филология факультетінің студенті Резо әжесінің қолында тәрбиеленеді. Күндердің бір күнінде нөсерлі жауыннан көпқабатты тұрғын үйге асығыс кірген Нинико есімді ару пәтерді шатастырып, жігіттің үйіне кіріп кетеді. Осылайша, Резо мен Ниниконың күтпеген кездесуінен әрі қарай сюжеттік оқиға өрбиді. Уақыт өте келе екі жастың арасында сезім пайда болып, Нинико өзінің жүкті болып қалғанын Резоға жеткізеді. Алайда, тағдыр тосын сый тарту еткен сәтте – жігіт жүрегінің үнін тыңдамай, арманының ақ құсын ұшырып алады. Махаббат пен еркіндік, сенім мен қорқыныш, үміт пен өкінішті күндер бастан кешірген екеуі осылайша тағдыр сынына ұшырап, екіге айырылып кете барады.

Театр ұжымы аталған мелодраманы сахналау үшін тыңғылықты дайындалғанын айтады.

Режиссер Жәнібек Маханбетияр осы қойылым арқылы қазіргі қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды көрермен назарына жеткізгім келді, дейді.

 Жалпы өнер ұжымы үшін 70-ші маусым шығармашылық табыстарға толы болды. Театр репертуары 7 жаңа спектакльмен толығып, олардың әрқайсысы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қойылымдар заманауи сахналық шешімдер мен көркемдік тәсілдер арқылы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

 Ал, 71-ші маусымда театр ұжымы көрерменді жаңа дүниелермен қуантпақ.