#qyzylordatv
Футболдан Қазақстан Премьер лигасының кезекті тур ойындары өтті. Қызылордалық «Қайсар» сырт алаңда биылғы біріншіліктің чемпиондығына басты үміткер «Қайрат» командасымен кездесті.
Словенияның «Олимпиясын» жеңіп, Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алған алматылық топ дала қасқырларына қарсы ойынды сенімді бастады. Спорт сарапшылары болса, бұған дейін Қызылордада өткен матчта ұпай жоғалтқан «Қайрат» бұл жолы өз алаңында ірі есеппен жеңуі тиіс деген пікір айтты. Кездесудің алғашқы минуттары сырбойылық команда үшін сәтті болмады. Ойын басталысымен шабуылға лап қойған алаң иелері небәрі 21 минутта Рамазан Бағдаттың дәл соққысымен есепте алға шықты.
Мұнан соң да «Қайрат» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. Алматылық шабуылшылар бірнеше мәрте Салайдын қақпасына алыстан соққы бағыттап, қауіп тудырды. Осылайша, Рафаель Уразбахтин шәкірттері бірінші таймды шабуылдаумен өткізді.
Ал, екінші таймда күтпеген жағдай орын алды. Алғашқы голдың авторы Рамазан Бағдат өз айып алаңында ереже бұзып, қақпасына пенальти белгілетті. Онымен қоймай қызыл қағаз алып алаңнан қуылды. Ал, 11 метрлік стандартты Марлен Айманов сәтті орындап, маусымдағы алғашқы голын соқты.
Он ойыншымен қалып, қарымта голдан кейін ұнжырғасы түскен «Қайрат» қосалқы құрамда қалған Дастан Сәтпаев, Жоржиньо, Громыко сынды шебер аяқдопшыларын алаңға шығарып, ойынға қан жүгіртті. Ал, алматылықтардың толассыз шабуылына қарсы қайсарлықтар қарымта шабуыл ұйымдастырумен болды.
Десе де, «Қайрат» қанша ұмтылғанымен «Қайсардың» қақпасынан екінші мәрте саңылау таппады. Қорытынды есеп 1-1. Қызылордалық топ осымен екінші рет азулы «Қайраттан» ұпай еншілеп отыр. Ал, осы турдан соң қасқырлар 14 ұпаймен турнирлік кестенің 11-ші орнына тұрақтады. Келесі кезекте өз алаңында «Қызылжарға» қарсы ойнайды.