#qyzylordatv

Тату-тәтті тірлік кешіп, бала тәрбиесін басты орынға қойған отбасылар қоғамның тірегі саналады. Қызылордада дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі аяқталды. Биыл да өнегелі өмірімен көпке үлгі болған жанұялар анықталып, марапат төріне шықты.

 Дәстүрлі байқауға қатысуға қала мен оған қарасты кенттер мен ауылдық округтерден барлығы 36 отбасы өтініш білдірген. Соның ішінде комиссия шешімімен жанұя құндылықтарын берік ұстаған, үлгі боларлық 26 отбасы іріктеліп алынған.

 Байқау қорытындысы бойынша III орынды – Кенебаевтар отбасы иеленсе, жүлделі II орынды – Мыңжасаровтар, ал I орынды Іздіқұловтар шаңырағы иеленді.

 Гәжденбек ақсақал мен Гүлнаш апа – бірлігі жарасқан үлкен әулеттің қос бәйтерегі. Қой бағып, адал еңбектің дәмін татқан жандар талай сындарлы сәттерде бір-біріне демеу болды. Ал бүгінде 12 баласынан тараған 34 немере, 16 шөбересінің шаттығына шүкіршілік айтып отырған нағыз мерейлі отбасы.

 ГҮЛНАШ ҚАЛИЕВА – БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ

Баққаным 7 бала, тапқаным 5 бала. 12 баланы асырап отырмыз. Шүкір осы балалардың арқасында көктеп-көгеріп отырмыз. Балалардың татулығы-бірлігі, азаматымыздың жұмсақ мінезіменен балалар өсіп-өніп жатыр. Қазір 30 шақты немереміз бар. Осы балалардың арқасында келіп тұрмыз ғой осы жерге. Бақытты отбасы болу – бірлік, сіз, біздік, сыйластық. Бір әй-шәй деспей, балдарға «ой, сенікі дұрыс емес» демей жай сөйлеп, «жылы-жылы сөйлесең, жылында інінен шығады» дейді ғой. Солай отбасы болып отырмыз.

 Ал Мыңжасаровтар – адал еңбек пен үлгілі тәрбиені ұлықтаған әулет.

 МЫҢЖАСАР АРЫСБАЕВ – ЕҢБЕК АРДАГЕРІ

Екеуміздің қосылғанымызға 60 жыл болды. Қазір құдайға шүкір екеуміз 5 балалы болдық ер баладан. Содан қазір сол жетпістей немере, шөбере ,келін-кепшігімізбен жетпіске жақын халық болдық,үй болдық. Келініміз үшінші балам Жалғастың келіншегі соның бастамасымен қатысып олжаға ілігіп жатырмыз, соған рақмет.

 Салтанатты жиында «Ұлағатты отбасы», «Үлгілі отбасы», «Берекелі отбасы» аталымдары бойынша да марапаттар табысталды. Барлық марпат иелеріне қаржылай сыйлықтар үлестірілді. Ал топтан оза шапқан екі отбасы облыстық кезеңде бақ сынамақ.