#qyzylordatv
Осыдан тура 25 жыл бұрын қоғамдық-саяси апталық «Халық» газеті жарық көрді. Аталмыш басылым атауы айқындап тұрғандай ширек ғасырдан бері медиа кеңістікте азаматтық журналистиканың талабынан тайқымай, билік пен бұқара арасында алтын көпір болып келеді. Сондай-ақ, талай тілшінің томағасын сыпырған құтханаға айналды. Осы орайда екі мүшелді толтырған басылымның өткені мен бүгіні турасында бір шолып өтуді жөн көрдік. Тілшіміз таратсын.
Шыны керек, ел егемендігін алғаннан бері ақпарат кеңістігіне желпініп, жең түріп енген басылым көп. Дегенмен солардың көбі жыл ұзатпай жұмысын аяқтады. Ал, «Халық – Құдайдың бір аты» деген ұстанымды ұран қылған бұл басылым ширек ғасырдан бері сыр бермей келеді. Әуелден газеттің бас редакторы Аманжол Сақыпұлы төңірегіне ойы азат, көзінде оты бар жастарды жиды. Олар тәй-тәй басқан басылымның жұмысын ширатып, өздері де тәжірибелік тұрғыда толыса түскен. Қазір сол тұстағы жас жазармандар медиа мұхиттың майталмандарына айналды.
Оқырманның оясынан табылу оңай шаруа емес. Оның үстіне тәуелсіз басылымның тар жол, тайғақ кешері бесенеден белгілі еді. Десе де, шығармашылық ұжым бастапқы мұраттан тайған жоқ. Әлі күнге дейін газет тілшілерінің әр мақаласында еркіндік есіп тұрады. Сол үшін «Халықты» қалқан көретіндер аз емес. Бүгінге дейін басылымның 1294 нөмірі жарық көрді. Әр санында мұқым елдің мұңын жеткізіп, түйіткілдің түйінін тарқатуға септесіп келеді.
Расында «Халық» шындықтың шырағданы бола білді, әділдіктің туын көтеруде жаңылысқан жоқ. Бірақ қазір баспасөздің беделін биіктету үшін бұл жеткіліксіз. Әсіресе, ақпарат майданында жаңалықты жұртшылыққа жылдам жеткізу өте маңызды. Бұл ретте осыдан 5 жыл бұрын аталмыш газеттің электронды нұсқасы ашылып, бүгінде «Halyqline.kz» сайты көп көңілін дөп басқан ақпараттық алаңға айналды.
«Халық» газеті жетістіктен құралақан емес. Мәселен, «Қанатты қалам» облыстық фестивалінде бірнеше мәрте үздік ақпарат айнасы атанды. Әрине, бұл ресми меже. Ең бастысы, бағыты анық басылымға бұқараның бағасы жақсы. Бұл ширек ғасыр шебінде еселі еңбектің еш кетпегені.