#qyzylordatv

Еңбек адамы - қоғамның басты құндылығы. Астанада өткен Кәсіподақтар федерациясының XXVII Съезіне қатысушылар Президенттің елді түбегейлі жаңартуға, саяси қайта құруларға, әлеуметтік-экономикалық реформаларға бағытталған стратегиялық бағытын қолдау жөнінде қарар қабылдады.

Құжатта «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруға және кәсіподақтардың қоғамдық диалогты, ашықтықты, тиімді «кері байланысты» және қоғам мен билік арасындағы тұрақты өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесіне ерекше назар аударылған. «Съезд – тек есеп беру емес, нақты еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғауға арналған жаңа тарихи кезеңнің бастауы болды» дейді делегеттар.

 Биыл Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысына 120 жыл толып отыр. Ең алғашқы съез 1921 жылы Орынбор қаласында өтсе, онан соң Қызылордада ұйымдастырылды. Кәсіподақтар федерациясы бүгінде 2 миллионға жуық мүшені біріктіреді. Ал облыста 12 салалық кәсіподақта 97 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар. Соңғы жылдары өңірде еңбек қатынастары тұрақтылығы бойынша 52 меморандумға қол қойылып, 130-дан астам ұжымдық шарт жаңартылыпты. Бұл жұмысшыларға қосымша әлеуметтік кепілдіктер бекітуге мүмкіндік береді.