#qyzylordatv
Қала әкімі Нұржан Ахатов Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Мадина Әліпбаеваны қабылдап, 80 жас мерейтойымен құттықтады.
Мадина Нұрасылқызы еңбек жолын балабақшада тәрбиешіліктен бастап, мектепте тарих пәнінің мұғалімі, директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, Ғани Мұратбаев атындағы №171 қазақ орта мектебінде директорлық лауазымда жүріп ұлттық құндылықты жаңғырту мақсатында ашылған «Шаңырақ» клубының жандануына ықпал етті. Мадина Әліпбаева өңірдегі білім саласына қосқан елеулі үлесінің арқасында «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қызылорда қаласына 190 жыл» мерекелік медалімен, облыс әкімінің алғыс хатымен, қалалық білім бөлімі мен облыстық білім басқармасының «Құрмет» грамотасымен марапатталған. Жиында Нұржан Ахатов ардагер ұстаздың білім саласына сіңірген еңбегін тілге тиек етіп, Қызылорда қаласының ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасын табыстады.
НҰРЖАН АХАТОВ – ҚАЛА ӘКІМІ //Ардагер ұстаз Мәдина Нұрасылқызының өнегелі өмірі, табанды еңбек жолы көпке үлгі. Еңбек жолыңызды бала жүрегіне жол тауып, оны біліммен және ізгілікпен тәрбиелеудің жауапты да қадірлі жолы тәрбиешілік мамандығынан бастап, ақылшы ұстаз, мектеп басшысы қызметтерін абыроймен атқардыңыз. Осы кезеңдерде бойыңыздағы біліміңіз бен біліктілігіңізді болашақ білімді жастарды тәрбиелеуге жұмсап, зор еңбек атқарып, қиындығы мен қызығы мол, жауапты салада өзіндік орныңызды қалыптастыра білдіңіз. Қазір де білім саласының жанашыры ретінде жас мамандарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар беріп, өмірлік тәжірибеңізді бөлісіп келесіз.
Жиында сөз алған аға буын өкілдері де мерейтой иесінің білім саласын дамытуға қосқан еңбегін ерекше атап өтті.