#qyzylordatv
Жуырда отандық қолөнер шеберлері 1366 шаршы метр құрақ көрпе құрап, дүниежүзілік рекордтар кітабына енді. Алматы қаласында өткен мәдени шараға 660 ісмер қатысқан. Солардың қатарында сырбойылық шеберлер де бар. Бүгін ұлттық құндылықты әлемге паш еткен жандарға «Анаға тағзым» орталығында құрмет көрсетіліп, облыстық кәсіпкерлер палатасының алғыс хаты табысталды.
Тағылымды шара Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында ұйымдастырылды. Оған еліміздің барлық аймағынан 660 кәсіби шебер арнайы шақыртылған. Олар тау бөктерін қазақтың ою-өрнегімен әдіптелген құрақ көрпемен көмкерді. Мұндай креативті жобаны бұрын соңды жаһан жұрты жасамаған. Сондықтан, бір ауыздан халықаралық рекордтар тіркеу агенттігінің алқасы байырқалы бастаманы құнды кітапқа енгізді.
Расымен, еліміздің барлық аймағынан қатысқан қолөнер шеберлерінің ішінде қызылордалық құрақшылардың бәсі жоғары болды. Себебі, қатысушылардың саны бойынша Сыр өңірі үздік 4 аймақтың қатарына енген. Ең бастысы, олардың арасында жас та, жасамыс та бар. Айталық, ең кенже ісмер алғашқы мүшелге енді қадам басса, құрақшылардың үлкені 75 жаста екен. Салтанатты кеште солардың бәріне құрмет көрсетіліп, облыстық кәсіпкерлер палатасының алғыс хаты табысталды.
Бір сөзбен, «Аламан құрақ» ұлттық құндылықтың қайнарын дүниежүзіне дәріптеген бірден-бір жоба. Демек, бір реттік бастама болмауы тиіс. Осы орайда, облыстық кәсіпкерлер палатасы қолөнер шеберлеріне қолдау көрсетіп, дәстүрлі өнерді жаңа деңгейге жеткізуге үлес қоспақ.