#qyzylordatv
Аймақта ауыл тұрғындарының әлеуметтік әрі инфрақұрылымдық мәселелерін шешуде толымды тірліктер атқарылып жатыр. Мәселен, Қармақшы ауданындағы бірқатар елді-мекенде медициналық амбулатория мен спорттық кешендер бой көтерді. Ел игілігіне берілген нысандардың жұмысы туралы тілші бейнематериалында.
Ауданға қарасты Қармақшы ауылында салынған жаңа фельдшерлік акушерлік орталық жарты жыл бұрын жұмысын бастаған болатын. 800-ге жуық халқы бар ауыл үшін бұл көптен күткен нысан. Қазіргі таңда сырқаттанып, денсаулығы сыр берген тұрғындар алысқа бармай-ақ, емдеу мекемесінің көмегіне жүгінуде.
Ауыл әкімдігі аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған «Үлгілі елді-мекен» жобасында үздік деп танылып, 15 млн теңге көлемінде сыйақы жеңіп алды. Оған ауылдың орталық алаңы қайта жаңғыртылып жатыр. Атап айтқанда, аллеяның брусчаткасы жаңартылып, жаңа орындықтар қойылуда. Мерекелік сахнасы да болады. Бұл жұмыстар бірер айдың бедерінде аяқталуы тиіс дейді жауаптылар.
Айзада Айтұрсынова 21 жылдық жұмыс өтілі бар тәжірибелі дәрігер. Бүгінде, ол Дүр Оңғар ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда аға медбике болып жұмыс істейді. Биыл пайдалануға берілген нысанда ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік бар. 5 орындық күндізгі емдеу стационары қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, енді басы ауырып, балтыры сыздағандар алысқа бармай-ақ, осында толық ем алуына болады.
Дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін жастарды спортқа баулу маңызды. Бұл ретте Дүр Оңғар ауылында жыл басында дене шынықтыру сауықтыру кешені ашылды. Мұнда қазақ күресі, дзюдо, таэквондо және ұлттық спорт түрлері бойынша үйірмелер ашылған. Ауылдағы 200-ге жуық жасөспірім осында күнделікті спортпен шұғылданып, шеберлігін шыңдауда.
Ғимарат толықтай спорттық құрал-жабдықтармен қамтылған. Залда заман талабына сай ойын алаңы, тренажер аймағы мен кәсіби күрес кілемі орналасқан. Бозкілемдегі балалардың қазақ күресіне деген ынтасы жоғары екені байқалады. Ауылдың қара домалақтарының арасынан болашақта Мақсат Исағабылов, Ғалымжан Әбдірахманов, Еламан Ерғалиев сынды палуандар шығатынына сенім мол.
Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында биыл елді-мекенге көгілдір отын тартылып жатыр. Ауыл түгел таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Оған қоса электр желілісі жаңартылып, ауылға қуаттылығы 250 кВт болатын трансформатор қойылды.
Аудандағы ауқымды шаруашылықтардың бірі «Жаңа жол» серіктестігі Дүр Оңғар ауылында орналасқан. Елді-мекеннің 400-ден астам тұрғынын жұмыспен қамтып отырған шаруашылық биыл 3100 гектар аумаққа күріш еккен. Жылда мол өнімге кенеліп жүрген жаңажолдықтар биыл да жоғары нәтижеден үмітті. Шаруашылық суды үнемдеудің тың тәсілін байқап көрмек. Ол үшін, су арналарын бетондап, шығынды азайтуды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстар нәтиже берсе, аяқ суды тұтыну көрсеткіші бірнеше есеге қысқаруы мүмкін.
Сондай-ақ, серіктестік көкөніс өндіруді де қолға алған. Биыл 9,5 гектар жерге алма егілді. Оның ішінде «Семеренка», «Бес жұлдыз», «Голден Делишес», «Белиналип», «Старкримсон» және «Мельба» сорттарын жерсіндіріп, өнім алып отыр. Мұнан бөлек, ауыл тұрғындарына бақша дақылдарын егу үшін арнайы жер дайындап,, қажеттілігін қамтамасыз еткен.
Ал, ІІІ интернационал ауылында салынып жатқан ойын және спорт алаңқайын ауыл балалары асыға күтіп жүр. Өйткені, жеткіншектер осы жерде футбол ойнап, спортты жанына серік ететін болады. Ерекшелігі сол, мұнда балаларға ғана емес, ересектерге де арналған спорттық құрал-жабдықтар қарастырылған.
Аудан орталығында да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Солардың бірі - ғасырдан аса тарихы бар темір жол вокзалын күрделі жөндеу. Оған облыстық бюджеттен 526 млн теңге бөлінген. Оған қасбеті мен шатыры ауыстырылып, күту залы, ішкі бөліктері толықтай жаңартылатын болады.
Ал, бұл кәсіпорын құм аралас қиыршық тас өндіріліп, пескаблок шығарылады. Мемлекеттен жеңілдетілген несие алып іс бастаған кәсіпкердің тірлігі түзеліп, кент тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Аудан орталығында көгалдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Инфрақұрылымды жақсарту бағытында жоспар жетерлік.
Ауданда халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.