#qyzylordatv
Қаладағы жөндеу жұмыстары жүріп жатқан білім нысандары жаңа оқу жылына дайын ба? Жол қауіпсіздігіне қатысты қандай мәселелер бар? Құрылыс сапасын кімдер бақылап жүр? Қалалық мәслихат депутаттары кезекті аралау барысында бірқатар әлеуметтік нысандарда болды. Жұмыс сапасын көзбен көрген депутаттар тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысында күн тәртібіндегі мәселелерді кеңінен талқылады.
Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицей 50 жыл бұрын салынған. Балалар ауруханасы 2000-2001 жылдары ыңғайластырылып мектепке беріліпті. Қазіргі таңда екі ауысымда 709 оқушы оқиды. Биыл білім нысанын күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 157 миллион теңге бөлінген. Қазір жұмыс кестеге сай жүріп жатыр дейді құрылысшылар. Ал Нағи Ілиясов атындағы №9 мектеп-гимназия ғимаратына соңғы 40 жылда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Мұнда 1500 оқушы білім алады Мердігер мекеме өкілдері жаңа оқу жылына дейін жұмыстар толықтай аяқталатынын айтып отыр.
Мұнан соң депутаттар жедел басқару орталығына барды. Ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіліп, толықтай жаңартылған. Елімізде алғаш болып өңірдегі барлық аудандық полиция бөлімдерінде жедел басқару орталығы ашылды. Қазір осы орталық арқылы барлық аудандағы бейнекамераларды бақылауға толықтай мүмкіндік бар.