#qyzylordatv
Қармақшы ауданы, Тұрмағамбет ауылында кәсіпкерлік көкжиегі кеңейіп келеді. Тұрғындар бұған дейін егін және мал шаруашылығымен айналысса, бүгінде өңдеу, қызмет көрсету саласына басымдық беруде. Тірлігі өрге басқан елді мекеннің тынысы туралы тілші бейнематериалында.
Тұрмағамбет жүз жырауын жүзіктеген, өнер қонып, бақ дарыған бақуатты ауыл. Талай тума талант пен мәдениет майталмандарын өмірге әкелген елді мекенде бүгінде екі мыңнан астам халық тұрады. Негізгі кәсібі мал және егін шаруашылығы. Ата кәсіпті қолға алып, төрт түлігін түлеткен тұрғындар соңғы жылдары кәсіпке бет бұрған. Мәселен, былтыр сегіз адам қайтарымсыз қаржы алып, бизнесін бастаса, биыл да мемлекеттік бағдарламаға қатысушылар көп.
САБЫРХАН ЗАЙЫРОВ, ДАУЫЛКӨЛ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ \есепті кезеңде ауылдық округте 69 кәсіпкер тіркелген....\
«Ауыл аманаты» бағдарламасы тұрғындардың кәсіппен айналысуына үлкен мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, биыл Тұрмағамбеттің екі тұрғыны жеңілдетілген пайызбен несие алып, өз ісін бастады. Соның бірі - Жасұлан Қыпшақбаев. Бұған дейін жұмыссыз жүрген ол мемлекеттік бағдарламаның арқасында қаржыға қол жеткізіп, дәнекерлеу ісін қолға алды.
Жасұланның қолынан келмейтіні жоқ. Темірді иіп, кез келген затты жасап береді. Сондықтан шебердің қызметіне жүгінетіндер көп. Тіпті, аудан орталығынан да арнайы іздеп келетіндер бар екен. Кәсіп иесі қазіргі күні екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Алты баланың анасы Жадыра Асанова да «жұмыс жоқ» деп қол қусырып қарап отырған жоқ. Қайтарымсыз грантқа құжат дайындап, қаржы алды. Соңғы үлгідегі екі тігін мәшинесін сатып алып, тігіншілікпен айналысуда. Ісмер келіншек киім қысқартудан бастап, көрпе, жастық, перде тапсырысқа сай кез келген бұйымды тіге береді.
Жадыра өзінің бар білгенін қазір қызына үйретуде. «Тапсырыс көп, кейде үлгермей жатамыз. Сондықтан қызымды көмекші етіп алдым»,- дейді. Ауыл тұрғыны алдағы уақытта шағын цех ашып, кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр.