#qyzylordatv

Жаңа туған нәрестеге құлаққа жағымды көркем есім қою әр ата-ананың жауапты міндеті. Көпшілігі ел арасында кең таралған заманауи есімдерді қойып жатса, енді біреулер ұлы тұлғалар мен ата-бабаларының есімін бергенді жөн көреді. Сонымен, қазір қандай есімдер трендте екен. Тілшіміз тарқатады.

Жазушы Дейл Карнеги «Адам үшін ең жағымды әрі қымбат дыбыс – оның аты» деген екен. Қазір ата-аналар балаларға ерекше, әрі әдемі естілетін есім беруге тырысады. Есімі ерекше жанның бірі - Изанелья Ақтай. Оның айтуынша, ерекше есімді әжесі қойған.

 ИЗАНЕЛЬЯ АҚТАЙ – ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Мені Изанелья деп әжем атады. Барлығы бұл сирек есімнің қайдан шыққанын, оның мағынасын сұрайды. Бұл – Пушкиннің «Мен осындамын, Инезилья» деген өлеңіндегі Инезилья есімінің өзгерген түрі. Бірақ әдейі өзгертілген жоқ, перзентханадағы медбике қателесіп жазып жіберіпті. Сөйтіп мен Изанелья болып кеттім. Қазір сұраса, «әжем қойған» деп қоя саламын.

 Ерекше есім иеленгендер қатарында әріптестеріміз де бар. Мәселен, жас журналист Ибнмахсуттың есімі анасына аян арқылы берілген.

ИБНМАХСУТ РАХМЕТОВ – ЖУРНАЛИСТ

Анам айтатын, біз туғанда ол екі қылыш көріп, оны балаларының қорғаушысы, тірегі деп түсінген екен. Екі рет түсінде дауыс естіп, ағамды – Ибнмуса, мені – Ибнмахсут деп атау керек деген. Араб тілінде «ибн» – «біреудің баласы» дегенді білдіреді. Яғни, Ибнмахсут – «Махсуттың баласы» деген мағынада. Бірақ менің әкемнің есімі мүлде басқа.

 Психолог Индира Қаниеваның айтуынша, кей ата-аналар баласына ерекше есім беру арқылы өз амбициясын жүзеге асырып, қоғамда ерекшеленуге тырысады.

 ИНДИРА ҚАНИЕВА – ПСИХОЛОГ

 Ата-аналар неге ерекше есім қояды? Бұл арқылы өздерінің әлеуметтік мәртебесін арттырып, қоғамда ерекшеленгісі келеді. Егер ата-ана өмірде тасада қалып қойған болса, бала арқылы өзін танығысы келеді. Бірақ егер бала өз есімін ұнатпаса, белгілі бір жаста оны өзгерте алады. Мұнда ата-ананың ішкі күйін ескеру керек. Егер ата-ана шынымен баласына жарасымды, мәдени тұрғыдан дұрыс есім бергісі келсе, бала ол есіммен қалыпты өмір сүре алады.

 Ұлттық статистика бюросының дерегінше, дәл қазір елімізде Мұхаммед, ал қыздар арасында Айлин есімі көш бастап тұр. Сыр өңірінде де сирек кездесетін есімдер аз емес. Мәселен, жыл басынан бері ата-аналар Ясир, Имран, Таңнұрым, Радина, Бексана деп ат қойған.