#qyzylordatv

еGov.kz платформасында жүргізілген «100 кітап» жалпыұлттық сауалнамасы қорытындыланды. Жобаның негізгі мақсаты – қоғамды кітап оқуға үндеу, әдеби мұраны дәріптеу, кейінгі буынның кітапқа деген талғамын зерделеп, ұлттық әдеби канонды қалыптастыру.

 Осылайша оқырмандар мен сарапшылардың пікірі ескеріліп, ең үздік жүздіктің тізімі жарияланды. Тізімге енген кітаптардың 92-сі қазақ, 8-і орыс тілінде жазылған. Оның ішінде қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларымен қатар, заманауи авторлардың туындылары да бар. Тізімді Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздері бастап тұр.

     Естеріңізге салайық, сауалнама 3 ай бойы жүргізілді. Оған 100 мыңнан астам азамат қатысты. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде әдеби эстафета ұйымдастырылып, оны мемлекет қайраткерлері мен өнер адамдары бір-біріне жолдады. Айта кетейік, үздік шыққан жүз кітаптың тізімімен Ұлттық құрылтайдың ресми сайтында танысуға болады.