#qyzylordatv #жұмысшымамандықтаржылы
Еңбекпен есейген майталман маманның бірі - Кенжетай Молдақұлов. Ол теміржолдың темірдей тәртібін өміріне өзек еткен. Қызметі қиындық пен қауіпке толы. Жылдар бойы жолаушылар мен жүк пойызының қозғалысын қамтамасыз етіп, қырағылық танытып келе жатыр. Теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы туралы тілшіміз тарқатады.
Кенжетай Молдақұлов - шойынжолда шыңдалған шебер. Теміржол саласында ширек ғасырға жуық еңбек етіп келеді. Мәртебелі маманның міндеті ауыр. Оған, Төретамға тоқтаған пойызды құрастыру жүктелген. Яғни, вагондар құрамын сұрыптап, реттілікке сәйкес тіркеп шығады. Айтуынша, бұл қызметте қателесуге болмайды. Өйткені, бір вагонның дұрыс жалғанбауы пойыз қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін.
КЕНЖЕТАЙ МОЛДАҚҰЛОВ – ТЕМІРЖОЛШЫ //Қиындығы мен қызығы қатар жүреді ғой бұл салада. Уақытында пойыздарды жеделдетіп тіркеу керек болады. Вагондарды шатастыруға болмайды. Әрқайсысының өзінің нөмірі бар. Соған қарап тіркейсің. Егер, шатыстырсаң, вагондардың басқа жаққа кетіп қалады. Үнемі қырағылықта болуың керек қой.
Тарам-тарам теміржолда тыным жоқ. Төретам станциясынан тәулігіне шамамен отызға тарта жолаушылар және жүк пойызы өтеді. Олардың діттеген жерге дін-аман жетуі майталман маманның мойнында. Сондықтан ол, жаздың аптап ыстығына, қыстың қытымыр суығына қарамайды.
КЕНЖЕТАЙ МОЛДАҚҰЛОВ – ТЕМІРЖОЛШЫ Теміржол қауіпті аймақ болып саналады ғой. Өнебойы пойыздар қозғалыста. Вагонға жабысып жүресің. Оның үстіне осы жерден өтіп жатқан жаяу жүргіншілерге қарауың керек. Вагондардың қауіпсіздігін сақтауың керек, жүктің қауіпсіздігін сауқтауың керек.
Теміржол – ел экономикасының күретамыры. Сондықтан логистика саласында тер төгетін мамандар қашанда құрметті. Кенжетай Молдақұловтың де жеткен жетістігі аз емес. Бұл жылдармен өлшенген жанкешті еңбектің әділ бағасы.