#qyzylordatv #заңментәртіп
Шамамен бір тонна есірткі тәркіленді. Бұл - «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасының аймақтағы аралық нәтижесі. Іс-шара шеңберінде ондаған күдікті ұсталып, жасырын зертханалар жойылды. Жалпы өңірімізде «Қарасора»операциясы қалай өтіп жатыр және қандай нәтижелер берді? Тілші репортажында толығырақ.
Бұл экшн фильмнен алынған үзінді емес, нақты операция барысынан жедел түсірілім. Сырдария ауданы Бесарық аумағында полицейлер «Бүркіт» арнайы жасағымен бірлесіп мыңнан аса түп каннабис өсімдігін тапты. Салмағы – шамамен 58 келі. Сондай-ақ бір жарым келіден астам кептірілген марихуана тәркіленді. Облыстың 42 және 33 жастағы екі тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Құқық қорғау органдарының жедел әрекеттеріне қарамастан, есірткі бизнесі адамдарды тәуелділікке итермелеудің жаңа айла-тәсілдерін іздеуді тоқтатар емес.
Мұндай бақылау жүйелі түрде жүргізіледі – әуеден де, жерден де. Заң бұзуға әрекет еткен ешкім назардан тыс қалмайды. Қалаға кіреберістегі патрульдік-бекеттік посттарда күн сайын жүздеген көлік тексеріліп жатыр. Қызметтік иттердің көмегімен есірткі мен өзге де тыйым салынған заттарды алып өтпек болғандар анықталып қалуы ғажап емес.
Есірткі бизнесіне қарсы «Қарасора-2025» операциясы қомақты нәтижелерін беріп үлгерді. Облыс полицейлері 172 есірткі қылмысын әшкереледі. Бір тоннаға жуық есірткі тәркіленді. 5 фитозертхананың қызметі тоқтатылды. 36 күдікті ұсталды.
БІРЖАН БАҒЫСОВ – ОПД ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ // Жыл басынан бері бөлімшенің жұмысымен 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленді. Оның ішінде 2 келі 301 грамм синтетикалық есірткі бар. Қазіргі таңда полиция департаментінің барлық қызметтері жұмылдырылып, «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Ми-171 тікұшағы пайдаланылды. 14 әуе шолуы жасалып, 17 есірткі егістігі анықталды. Сонымен бірге профилактикалық шаралар да жүргізілуде. Айта кетейік, Ішкі істер министрлігінің тапсырмасына сәйкес, «Қарасора-2025» операциясы 31 қазанға дейін жалғасады.
Полицейлердің міндеті тек заң бұзғандарды ұстап, қылмыскерлерді жазалау емес. Басты мақсат – қылмыстың алдын алу. Сол себепті тәртіп сақшылары рейдтермен қатар халыққа түсіндірме жұмыстарын да жүргізіп келеді. Өйткені қатені түзеткеннен гөрі, оның алдын алған әлдеқайда маңызды.