#qyzylordatv
Облыс орталығында ұлттық құндылықтар дәріптелген тағылымды шара өтті. «Ұршық үстіндегі ұлағат» атты байқауда әжелер немерелерімен бірге сайысқа түсіп, ата-баба мұрасын паш етті.
Облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырған сайысқа аймақтың түкпір-түкпірінен 20 әже немересімен қатысты. Қай-қайсысы да өнерлі, өнегелі әңгімелері бар. Ал, әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Сайыс сонысымен қызықты болды. Ал, шараның басты мақсаты- жас буынды ұлттық салт-дәстүрге баулу, қолөнер мен отбасы құндылықтарын дәріптеу.
СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ- ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ / Әженің бауырында өскен, әженің тәрбиесін көрген жас ұрпақ әрине оның келешегі де, болашағы да мол болып өседі деген ойымыз бар. Бәрімізде кезінде енді үлкен кісілердің тәрбиесін алдық, көзін көрдік. Осы әжелердің рөлін, олардың тәрбиесін жеткіншектерге жеткізу болып табылады. Жыл басынан бері, бізде әртүрлі шаралар өткізілуде. Ең басты мақсаты- ардагерлердің басын біріктіріп, олардың үйде отырып қалмауын қамтамасыз ету, екіншіден өмірде көрген тәжірибелерін кейінгі ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алдымен қатысушылар өздерін таныстырып, туған жері мен әулеті жайлы баяндады. Кейін қолөнер шеберлігін көрсетіп, немерелеріне ұлағатты сөздерін айтты. Құрақ құрау, кесте тігу, ши орау сынды ұмыт бола бастаған құндылықтарымыз сахна төрінде жаңғырды.
БАЛБӨПЕ БАЙМАҒАНБЕТОВА - ҚАТЫСУШЫ // Облыстық ұршық үстіндегі ұлағат деген сайысқа бірінші рет қатысуым, биылдыққа бұл менің қатысуымның екіншісі, бірінші қалалық ұстаздар арасында туған жерге , жеңістің 80 жылдығына арналған сайысқа қатысқанмын. Бірінші орын алғанмын, бұғанда қатысып жүлделі орыннан дәмеліміз. Негізі бұл сайыс өте мағыналы, өте терең ойға балаларды тәрбиелеуге өзіміздің ұлт- дәстүрімізді ұлағаттауға себебін тигізеді деп ойлаймын. Бұндай сайыстар болып тұрса, негізі біз салт-дәстүрімізді қайтадан жаңғыртар едік.
Ал соңғы кезеңде тұсау кесу, бесікке салу, қыз ұзату дәстүрлерінің мәні түсіндірілді. Бұл - ұрпақ тәрбиесіндегі ең қастерлі дүниелердің бірі екені айтылды.
МӘРИЯМКҮЛ БАЙМАҒАНБЕТОВА - ҚАТЫСУШЫ //Қазалы ауданы, Жанқожа батыр ауылынан келіп тұрмыз. Осы сайысқа бірінші рет келіп тұрмын. Аудандық жарыстарға бірнеше рет қатысқанмын. Қазақтың салт-дәстүрлерін дәріптеп, ескі әндерді дәріптеумен айналысамыз.
Жеңімпаздар диплом мен арнайы сыйлықтарға ие болды. «Ұршық үстіндегі ұлағат» - ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, халқымыздың асыл қазынасын дәріптеген тағылымды шара болды.