#qyzylordatv
«Бақыт құшағында». Астанада тұңғыш қазақ тілді мюзикл түсірілді. Ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында түсірілген джукбокс мюзикл 23 қазанда көрерменге жол тартпақ.
Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелерін, махаббатқа сенім мен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да таңдалды. Фильм толығымен қазақ тілінде және эпизодтар елорданың көркем жерлерінде түсірілген. Ол үшін Шәмші Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылыпты. Сондай -ақ, мюзиклде 230-ға жуық актер бас қосқан ең үлкен массалық көріністер бар. Онда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды.
«Бақыт құшағында» қазақ киносы тарихында көрермен үшін мәдени, ақпараттық танымға жол ашатын көркем туынды ретінде өз орнын алады деген сенім бар. Бұл картина еліміздегі креативті индустриясының дамуына дәлел болатын туынды» дейді мамандар. Басты рөлдерде Дәурен Серғазин, Әлия Әнуарбек, Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясова сынды актерлер ойнайды. Ал, фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова қолдау көрсеткен.