#qyzylordatv
Қыркүйек айының алғашқы жексенбісі мұнай-газ саласы қызметкерлерінің кәсіби мейрамы. Мереке аясында «ПетроҚазақстанҚұмкөл Ресорсиз» компаниясы мұнай игеру саласында елеулі еңбек еткен ардагерлер мен үздік қызметкерлерін марапаттады.
«ПетроҚазақстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясы кәсіби мерекеге толағай табыспен жетіп отыр. Кен орындарында қажырлы еңбек еткен мұнайшылар белгіленген межеден артық шикізат өндіріп, жұмысшылардың ырысы еселене түсті. Петроқазақстандықтар жер асты қазба байлығын игеріп қана қоймай, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына да сүбелі үлесін қосып келеді. Мерекелік кеште компания вице-президенті мұнайшылардың еңбегін тілге тиек етіп, ізгі лебізін білдірді.
Қара алтынды игеруде қалтқысыз еңбек еткен ардагер мұнайшылардың бірі – Тілеуберген Шаутай. Мұнай кен орнында қарапайым жұмысшы болып бастаған ол 40 жылдай осы саланың қыр-сырын меңгерді, қиындықты еңсерді. Еселі еңбек елеусіз қалмады.
Ал, Айтмағамбет Жаңабаев еңбек жолын осыдан 23 жыл бұрын бастаған. Мұнай және газ өндіру цехында оператор болып қызмет ететін тәжірибелі маман мереке мезіретінде компанияның құрмет грамотасын иеленді.
Салтанатты кеште мұнай-газ саласының басқа да үздік қызметкерлеріне марапаттар табысталды.
Жарқын жетістіктерімен еңбек майданының көрігін қыздырып жүрген үлкен ұжым кәсіби мерекесін сән-салтанатпен атап өтті.