#qyzylordatv
Қызылордада жоғарғы оқу орнын үздік аяқтаған жас мамандар конкурссыз-ақ мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға жұмысқа қабылданып жатыр. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, мемлекеттік қызметкер мәртебесін иеленген жас мамандар туралы келесі бейнематериалымызда.
Ерасыл Бекенов Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі. Қолына дипломын алған бойда Қосшыңырау ауылдық округі әкімдігіне конкурстық іріктеусіз жұмысқа тұрды. «Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашыл өзгерістер арманыма жақындауға сеп болды» дейді жас маман.
Конкурссыз қызметке қабылдану үшін дипломдағы джипиай көрсеткіші 3,33 балдан кем болмауы шарт. Әрі жоғарғы оқу орнын бітіргеніне бір жылдан аспауы тиіс. Яғни, жоғары оқу орындарында мемлекеттік грант бойынша білім алып, оны жақсы көрсеткішпен бітірген түлектер үшін мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Осы талаптарға сай келген Ерасыл сынды жас мамандар легі қалалық әкімдік пен қала аумағындағы елді мекендерінде абыройлы қызметтеріне кіріскен.
МӘДИНА ӘЛИЕВА – ҚАЛА ӘКІМІ АППАРАТЫНЫҢ ПЕРСОНАЛДЫ БАСҚАРУ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
Бұл оқу орнын енді аяқтаған жас түлектерге жақсы мүмкіндік. Қазіргі таңда қызылорда қаласы әкімдігіне былтырдан бері 3 жас түлек, Талсуат, Ақсуат және Қосшыңырау ауылдық округтеріне жетекші маман, бас маман лауазымдарына мемлекеттік қызмет істері бойынша уәкілетті органның келісімімен жұмысқа қабылданды. Қазіргі таңда толыққанды мемлекеттік қызметші мәртебесін алып, қызмет атқарып келеді.
Осылайша жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілердің сапалық құрамы білімді жас кадрлармен толыға бастады.